Облыс әкімінің Арал ауданына жұмыс сапарында дәрігерлік амбулатория табысталды. Сондай-ақ осы күні аудандағы «Бөген», «Қызылжар» ауылдарында әрқайсысының құны 400 млн теңгені құрайтын дәрігерлік амбулаторияның, «Көктем» елді мекенінде медициналық бекеттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен, жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ұлттық жоба бойынша іске асқан игіліктер туралы айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Биыл соның қатарындағы 15 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Бұған дейін Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында 7 жаңа медициналық нысан ел игілігіне табысталды. Міне, енді өздеріңізбен бірге «Бөген» ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны ашамыз.
Шалғайдағы елді мекендерде мұндай нысандардың бой көтеруі – мемлекеттің ауыл медицинасына, тұрғындар денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмысының бір тармағы. Осы жылы «Тастүбек» және «Жалғызағым» елді мекендерінде медициналық бекеттер жаңадан салынып, ел игілігіне табысталды. Келесі жылы Тоқабай ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Бұл қамқорлық өңір медицинасының дамуына оң ықпал етеді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шара барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Әбдікәрімов жерлестерін құттықтап, игі тілек білдірді. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтарына құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, «Аман-Құрылыс» ЖШС амбулаторияны бір қабатты етіп салған. Мұнда тіркеу орны, қабылдау, дәріхана, оқшаулау, физиотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті бар, жеке бу қазандығы дизель отынымен жылытылады. Ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы.
Ұлттық жобаның игілігі
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың күні кешегі жұмыс сапарында 5 дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсімі өтті. Түске дейін аймақ басшысы Арал ауданының «Бөген», «Қызылжар» елді мекендеріндегі жаңа нысандарды табыстау іс-шарасына қатысса, түстен кейін Қазалы ауданындағы 3 амбулатория пайдалануға берілді. Оның алғашқысы «Сарыкөл» ауылдық округіндегі Абай ауылында ашылды.
Бұл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының сәтті жүзеге асқанын көрсетеді.
– Сыр медицинасындағы жаңашылдықтар, бастамалар қолдау тауып келеді. Денсаулық сақтау саласының бастапқы буыны – алғашқы медициналық көмек көрсету, аурудың алдын алу. Ол үшін, әрине, типтік ғимарат, мықты материалдық база керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының мақсаты – ауыл медицинасының әлеуетін арттыру. Ұлттық жоба аясында облыстың елді мекендерінде 27 нысан салынуда. Оның 15-нің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Бұған дейін Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында 7 және бүгін Арал ауданында 2 жаңа ғимаратты табыстадық. Қазалы ауданының Абай, «Бозкөл» және «Кәукей» ауылдарында осындай дәрігерлік нысан қызметін бастайды. Біз ұлт саулығын нығайту бағытындағы кешенді шаралар легін жалғастыра береміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпамыс Түрікпенәлі алғыс айтып, бата берді. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.
Баспана – бақыт ұясы
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аудандарға жұмыс сапары Қармақшыда жалғасты. Мұнда аймақ басшысы 51 отбасыға тұрғын үй кілтін табыстау рәсіміне қатысып, жиналғандарды қоныстоймен құттықтады.
– Халықты баспанамен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағытының бірі. Аймақта пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі жыл сайын артып келеді. Қазір облыс көлемінде 4170 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 2500-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам жерлесіміз өз үйіне кірді. Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өткен болатын. Бұған дейін Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш және Сырдария аудандарында 400-ге жуық отбасы баспанаға ие болды. Бүгін Қармақшыда 51 отбасы жаңа үйге қоныстанды. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков жерлестерін құттықтап, бата берді. Іс-шарада құрылысты салған мердігер мекеме өкілдеріне және аудан азаматтарына марапат тапсырылды.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде салынған үйлер 3 бөлмелі, көлемі 60 шаршы метр.
Биыл аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде Қармақшы ауданының бюджеті 13 млрд теңгені құрады. Бұл қаражат түйткілді мәселелерді шешуге, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 38,5 млрд теңгеге 671 шақырым жол жөнделді. Бұл облыстағы жақсы жағдайдағы жол үлесінің 87,5 пайызға жетуіне негіз қалады. Қармақшы ауданының автомобиль жолдарын жақсартуға 2 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 28,5 шақырым жол жөндеуден өтті.
Биыл 12 ауылдық елді мекенге газ қосылды. Олардың ішінде Қармақшы ауданының «Ақай» ауылдық округі де бар. Ал «Төретам» кентіне газ тарту жұмыстары жақын күндері аяқталмақ. Мұнан бөлек, Дүр Оңғар және «ІІІ Интернационал» ауылдарында 2 спорт кешенінің құрылысы басталды.
«Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Дүр Оңғар ауылы екінші орынды иеленіп, 52,5 млн теңгенің 2 техникасын жеңіп алды.
ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Қармақшы ауданының тұрғындарын қабылдады. Оған облыстық сот төрағасы, барлық құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.
Қабылдау туралы тұрғындарды алдын ала хабардар еткендіктен, келушілер қатары да, олар көтерген мәселелер де көп болды. Екі сағаттай уақытта облыс әкімі 50-ге жуық қармақшылықтың сұрақтарына жауап беріп, өтінішін тыңдады. Қабылдаудың басты мақсаты да осы – яғни, келушілердің барлық ұсыныс-пікірін назардан тыс қалдырмау. Тұрғындарды негізінен үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқсу, қоғамдық көлік жайы толғандырады. Азаматтар осы мәселелердің оң шешім табу жолын сұрады, кейбіреуі маман кеңесін алды.
Облыс әкімі қабылдауға келушілердің сауалдарына қатысты жан-жақты зерттеу жүргізілетінін, заң шеңберінде шешім қабылданатынын айтты. Жауапты басқарма басшылары да әрбір сұрақтың жауап табуын бақылауына алады. Жеке қабылдаудың тағы бір артықшылығы бар, ол – тұрғындарды толғандырған мәселелердің сол жерде шешілуі. Халық пен билік арасындағы диалогтың бұл тәсілінің оңтайлы тұсын жұртшылық жоғары бағалады.
Айта кетейік, ауданға жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Машбекұлы бірқатар нысанның ашылу рәсіміне қатысты. Ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен кездесіп, жыл бойы атқарылған жұмыстарды, өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін, алдағы жоспарларды талқылады.
Бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдаулар өткізді. Тұрғындар айтқан түйткілдер реттілігіне қарай шешімін тапты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<