Медицина университетінің жаңа филиалы

1334

0

Бейсенбіде Қызылорда медициналық жоғары колледжі базасында  М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің интернатура және резидентура филиалы ашылды.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, М.Оспанов атындағы БҚМУ директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев, М.Оспанов атындағы БҚМУ басқармасының төрайымы-ректор міндетін атқарушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Эльнара Исмагулова,  облыстық, қалалық медициналық ұйымдардың басшылары мен филиалда білім алуға ынталы дәрігер-резиденттер, олардың тәлімгерлері қатысты. 

– Халқымыздың денсаулығы  өте маңызды. Облыста медицина мамандарының тапшылығы бар, оны жасыра алмаймыз. 144 дәрігер жетіспейді. 2016 жылдан бастап облыс әкімінің арнайы гранты бөлінеді. Қазіргі кезде 111 бала білім алуда. Биыл 31 жас маман аймаққа келеді деп күтудеміз. Саланы қажетті мамандармен қамтуда бүгінгі шараның, яғни, көпжылдық тарихы бар білім ордасы филиалын  өңірде ашудың  маңызы зор, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиында Жақсылық Досқалиев филиалды ашуда қолдау білдірген азаматтарға алғысын айтып,  жұмысына сәттілік тіледі.

– Халқымыз  «бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Сыр өңірінде  іргелі медицина оқу ордасы филиалын ашу бастамасын көтерген ҚР Денсаулық сақтау министріне, қолдау білдіріп, жұмысты жүзеге асырған облыс әкімдігі мен басқарма басшылығына алғыс айтамыз. Енді «бұл филал бізге не береді?» деген сауал туындауы мүмкін. Мұнда жас мамандар интернатурадан, резидентура мен магистратурадан өтеді және біліктілігін көтеру курстары ұйымдастырылатын болады. Оларға университет мамандары арнайы келіп, дәріс береді. Бұл жерде 13 түрлі маман, яғни, жетіспейтін мамандар дайындалады, – деді ол.

Шара барысында қонақтар филиалдың оқу-практикалық базасын аралап,  кабинеттер, симуляциялық орталықпен танысты. Айта кетейік,  филиалда 12 резидент білім алуда, оның ішінде 4 реаниматолог-анестезиолог, 3 инфекционист, 1 офтальмолог, 1 травматолог-ортопед және оториноларинголог, неонатолог резидент бар.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<