26 сәуірде Алматы-2 стансасынан «Саламатты Қазақстан» пойызы жолға шығып, 6 желтоқсанға дейін қатынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, пойыз бағыты медициналық кабинеттері жоқ аймақтарды қамтиды. Денсаулық пойыздары ең шалғайдағы стансалардың тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысында 150-ге жуық стансаның 80 649 тұрғыны емдеу-консультациялық қызмет алды, оның ішінде 21 867 бала бар. 5 097 адамға шағын ота жасалып, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, медициналық пойыз мамандары 59 баланы сүндеттеді.
«Биыл шалғайдағы станса тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және басқада мамандардан тегін тексеруден және емдеуден өтуге мүмкіндік алады. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралдарымен жабдықталады. Медициналық пойыздың бұл жолғы қозғалыс кестесі шалғайдағы стансаларда медициналық пункттердің жоқтығын ескеру және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жасалды», – деп атап өтті компаниядан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<