Дүниежүзілік медбикелік істің негізін қалаушы – ағылшындық медбике Флоренс Найтингейл. Ол Қырым соғысында өзі сияқты медбикелердің басын қосып, дүние жүзіндегі тұңғыш қайырымдылық қызметін ашқан.
Соғыста жараланғандарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен. Сондықтан Халықаралық мейірбикелер кеңесі оны есте қалдыру мақсатында 12 мамырды Халықаралық мейірбикелер күні деп қабылдап, жыл сайын осы күн денсаулық сақтау саласында ерекше мереке ретінде аталып келеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Халықаралық мейірбикелер күніне орай мерекелік шара өтті. Салтанатты жиында денсаулық сақтау саласына ерекше үлес қосқан бірқатар қызметкерлер құрмет төрінен көрінді.
Төл мерекені атап өтуге жиналғандарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов құттықтады. Ол медициналық қызметтің тиімділігі мен сапасы негізінен мейіргерлер қызметіне байланысты екенін және олардың қызметі адам жанына үміт сыйлайтынын айтты. Мұнан соң сала қызметкерлерін марапаттады.
Айта кету керек, облыс халқына 9443 мейіргер медициналық қызмет көрсетеді. Медицина саласында науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін орта буын өкілдері – мейірбике екені баршаға аян. Олар – әрдайым науқастың қасында болатын жандар. Науқастың нәтижелі емделуі, тез оңалуы және жағдайының жақсаруы мейірбикелер күтіміне байланысты. Мейірімділік, елгезектік, қайырымдылық және адам өміріне үміт сыйлау секілді қасиеттер мейіргерлерге тән.
Мереке қарсаңында медициналық жоғары колледжде орта буын медицина қызметкерлері арасында «Үздік маман – 2022» конкурсы өтті.
Конкурс жеңімпаздары «Үздік мейіргер», «Үздік фельдшер», «Үздік акушер» номинациялары бойынша марапатталды. «Үздік мейіргер» номинациясымен көпбейінді облыстық ауруханасы жоспарлы хирургия бөлімшесінің аға мейіргері Эльмира Дүйсенбаева, «Үздік акушер» номинациясымен облыстық перинаталдық орталығы босану бөлімінің акушері Данагүл Ағатаева, «Үздік фельдшер» номинациясын облыстық жедел жәрдем стансасы Қазалы жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері Руслан Өксікбаев иеленді.
«Үздік мейіргер» байқауының жеңімпазы Эльмира Дүйсенбаева – көпбейінді облыстық аурухананың жоспарлы хирургия бөлімшесінің аға мейіргері.
Ол 1988 жылы Сырдария ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. Қызылорда медициналық колледжін үздік дипломмен бітірген. 2009 жылдан бастап облыстық медициналық орталығында еңбек етіп келеді. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде жоғары білім алуда. Хирургия бөліміне мейіргер болу білім мен біліктілікті ғана емес табандылықты да қажет етеді. Ауыр жарақаттарды көзбен көріп, таңып беру нәзікжандыдан ыждағаттылық талап етеді. Эльмираның бойында мейіргерге лайық мейірім де, білім де бар. Сондықтан да ол байқауда әріптестерінен басып озды.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<