Мейірімін төккен мейіргер

288

0

Қоғамдағы қызметтің  қай түрі болмасын, өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі бар.  Соның ішінде адам жанының арашашысы  – ақ халаттылардың  жұмысы тіпті күрделі екені белгілі.  Мейіргер болудың өз машақаты бар. Олар – мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жандар. Статистикаға сүйенсек, медициналық мекемелердегі барлық жұмыстың 80 пайызын мейіргерлер атқарады екен.  Ендеше нағыз еңбек адамы деп осы мамандық иелерін айтса болатын шығар. 

Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жұмысшы маман­дық­тар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Ол мамандықтар қатарында мейіргер де бары қуантады.

Мамандығын мақтан тұтатын, қызметіне адал, алдына келген нау­қасқа жанашырлық пен мейірімін төгетін, сол арқылы алғысқа бөле­ніп жүрген жанның бірі – облыс ор­та­лығындағы № 3 қалалық емхана ме­йіргері Тымар Мықтыбаева.

Тымар Ізбасарқызы Жалағаш ау­даны «Таң» ауылында дүниеге келген. №118 қазақ орта мектебінде бі­лім  алған ол 1997 жылы Қызылорда медицина колледжіне оқуға түсті. Ең­бек жолын 2002 жылы №1 қалалық емханада аймақтық мейіргер болып  бас­тады. Сол жерде он жылдай еңбек ете жүріп, мейіргерлік істің қыр-сырына қанығып, тәжірибе жинады. 2012 жылы №3 қалалық емхана ашылып, сонда ауысады. Содан бері осы емханада аймактық мейіргер болып жұмыс істейді. 

Тымар кәсіби біліктілігін көтеру үшін үнемі ізденіп, оқып жүреді.  2023 жылы «Болашақ» жоғары ме­ди­циналық колледжін  «Мейірбике ісі» бойынша (бакалавриат)  бітірді. Қазіргі кезде С.Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина уни­верситетінде мейірбике ісі бо­йын­ша бакалаврда оқиды.

– Еңбек жолымды бастағанда ал­ғашқы дәрігерім Ералиева Шолпан Өтегенқызы, алғашқы ме­йір­герім Гүлсім Досаева еді. Ол кі­сі­лерден үйренгенім көп болды. Ме­йіргерлік істің қыр-сырын үй­ретіп, жауапкершілік жүгін абырой­мен алып жүруді санама сіңірді. Үне­мі ақыл-кеңестерін айтып, бай тә­жіри­бе­лерімен бөлісті. Сол кісі­лерден үйренгеніміз әлі күнге дейін пай­дамызға жарап келеді. Бүгінде өзіміз де жас буынға ақыл айтып, бағыт-бағдар беретін жасқа жеттік. Бірақ қанша жасқа келсек те, алдыңғы буын апаларымыздан алған тәлім-тәрбиеміз бізге өмірлік бағдаршам болып қала береді, – дейді Тымар.

Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Тымар Ізбасарқызы жүрек қалауымен келген мамандығын мақ­таныш етеді. Оның еңбегі лайықты бағасын алып та жүр. Мәселен, 2018 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасын алса, 2019 жылы «Жүкті, боса­на­тын, босанған әйелдерге және ұр­пақты болу жасындағы әйелдерге меди­циналық көмек көрсетудің үздік мейірбикесі» байқауында номина­циямен марапатталды. 2020 жылы облыстық денсаулық сақтау басқар­масының Құрмет грамотасына, 2021 жылы «Үздік туу жасындағы әйел­дерді бақылау медбикесі», 2023 жылы «Үздік аймақтық мейіргер»  номинацияларына ие болды.

Түрлі мәдени іс-шараларға, қо­ғам­дық жұмыстарға да белсене қаты­сады. Ол –  мейіргер ғана емес, отба­сында төрт бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана,  сүйікті жар.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<