Мейрамбек Шермағанбет – білім басқармасының басшысы

2518

0

Кеше актив отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Мейрамбек Шермағанбетті таныстырды.

– Алдын ала өткізілген конкурстың нәтижесімен және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің келісімі негізінде Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Өмір жолы бізге жақсы таныс. 1972 жылы Қызылорда облысында туған. Бұған дейін облыстық білім басқармасының басшысы болған. Осы салада біраз жыл еңбек етіп, білім саласының дамуына өзінің үлесін қосты. Мейрамбек Зинабдинұлы тек білім саласында ғана емес, мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өткен тәжірибелі азамат. Бір облыста емес, басқа өңірлерде басшылық қызметтерді атқарды. Білім саласы біздің өңірдегі ең ауқымды саланың бірі. Ағымдағы жылы сала бюджеті 201 млрд теңгені құрап отыр. Бұл облыс бюджетінің екіден бір бөлігі. Бүгінде білім саласында қордаланған мәселелер де аз емес. Мемлекет басшысының Жолдауларынан білім саласына қатысты туындайтын міндеттерді, «Білімді ұлт»  жобасы аясында облысымызға белгіленген индикаторларды сапалы жүзеге асыруда Мейрамбек Зинабдинұлы осы кезге дейінгі жиған тәжірибесін арнайды деп есептеймін, – деді облыс әкімі.

Мейрамбек Зинабдинұлы Шермағанбет еңбек жолын ауыл мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1995-2000 жылдары Жаңақорған ауданындағы №163 орта мектептің мұғалімі, мектеп директорының орынбасары болған. 2001 -2004 жылдары Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған. 2005-2007 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2007-2009 жылдары облыстық білім басқармасының басшысы, 2009-2011 жылдары облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы, 2011-2016 жылдары облыстық аумақтық білім саласын бақылау департаментінің басшысы болды. 2016-2020 жылдары Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі, 2020-2021 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған. 2021 жылдың мамыр айынан бастап «Орда Инвест» корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев білім басқармасының басшылығына тағайындалған М.Шермағанбеттің қызметіне сәттілік тілеп, оның осы саладағы білімі мен тәжірибесіне сенім артты.

Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет елдің өзіне артып отырған жауапкершілігі мен сенімін ақтап, туған жері – Сыр елінің дамуына, оның ішінде білім саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді атқаруда аянбай қызмет ететінін айтты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<