Мектеп ауласын алау жаққан мектеп директорына сөгіс берді

691

0

Атырауда ауласында алау жағылған мектептің директорына қатаң сөгіс берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде мектеп ауласында алау жағылғаны түсірілген видео тарады.

Кейін Атырау қаласындағы №8 Ө.Атамбаев атындағы мектепте Масленница мерекесі атап өтілгені анықталды. Алау жанында оқушылар тұр.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, мұндай іс-шараны мектепте өткізуге болмайды.

«Діни сипаты бар іс-шара мектептің базасында өткен. Бірақ, қауіпсіздікті сақтау үшін төтенше жағдайлар органдарымен келісілмеген. Атырау қалалық білім бөліміне де хабарланбаған. Мектептің директоры ата-аналар ұсынысын қолдап, білім ордасының ауласында алау жағуға рұқсат берген. Осыған байланысты мектептің директорына қатаң сөгіс берілді», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда төбесі тесік мектептің бастауыш сынып оқушылары онлайн оқуға жіберілгенін жазған едік.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, төбесінен су аққан №30 мектеп-гимназиясында 40 кабинет бүлінген.

«Кейбір ата-аналар оқушыларды қашықтан оқытуды сақтау қажеттігі туралы ұсыныс айтты. Өзге ата-аналар балаларды қашықтықтан оқытпауды талап етті. Барлық ұсынысты ескеріп, оқу жылының соңына дейін бастауыштағы 1-4-сыныптардың оқушыларын түгелдей онлайн форматта оқуға жіберу жөнінде шешім қабылданды. Ал, 5-11-сыныптардың оқушыларын мектеп-гимназияға жақын орналасқан екі колледждің бос кабинеттерінде оқыту ұйымдастырылады. Жоғары сыныптардағы оқу сапасын төмендетпеу үшін осындай қадамға баруға тура келді», -дейді Жасұлан Бисембиев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<