Мембасқаруды дамыту: Президент Іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырды

803

0

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысында 2030 жылға дейін мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы әкімшілік-бақылауға бағытталған әдістен адам мен оның игілігі басты құндылықтар саналатын мемлекет пен халықтың өзара ықпалдастық моделіне көшуді қамтамасыз етеді.

Осы құжаттың аясында мемлекеттік аппараттың кәсібилігін жетілдіруге, оның қоғам алдындағы есептілігіне, реттеушілік саясатты ілгерілету мәселелеріне, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруға, жергілікті басқару ісін дамытуға және т.б жол ашылады.
Жалпы, Тұжырымдамада қамтылған шаралар мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және оның ашықтығына ықпал етеді. Бұл мемлекеттік басқару институтына деген сенім деңгейін көтереді.
Тұжырымдаманың негізгі ережелері 2025 жылға дейін іске асырылуы тиіс. Ал оның негізгі қағидалары биыл орындалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжат қоғам талабына сай келеді және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды әрі маңызды өзгерістерді қамтиды деп санайды. Осыған орай Президент Үкіметке тиісті ресурстарды бөле отырып, егжей-тегжейлі сараланған Іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<