Күні кеше ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысын өткізді. Жаңадан тағайындалған ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов, әділет министрі Қанат Мусин, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров мемлекеттік қызметші антын берді.
«Бүкіл еліміздің басына ауыртпалық түсіп тұрған қазіргідей күрделі кезеңде біз Мемлекет басшысының зор сенімін ақтауымыз керек. Біздер – Үкіметтің жаңа құрамы, халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономиканың өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, лаңкестер мен бұзақы-тонаушылар келтірген орасан шығындарды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді аямай жұмыс істеуіміз қажет. Бұл – осындай аса ауыр жағдайда әлі ешқандай Үкіметтің алдында болып көрмеген өте күрделі де ауқымды міндет. Халық біздің жұмысымыздан нақты нәтиже күтеді», – деді Ә.Смайылов.
Отырыста ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Бірқатар министрлер мен агенттік төрағалары баяндама жасады.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, биылғы жылдың 20 қаңтарына дейін Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасының жобасын әзірлеуді, қысқа мерзім ішінде ШОБ-қа мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың ашық әрі түсінікті тетіктерін әзірлеуді және даму институттары (ҚДБ, «Даму» қоры және т. б.) жұмысының тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешенін өзектендіру, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үлесін қысқарту тұрғысынан «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу тәртібін түбегейлі қайта қарау және осы акционерлік қоғам мен оның еншілес компанияларының сатып алуды жүзеге асырудың бүкіл процесін қайта қарау жүктелді. Аталған министрлік сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Қаржы, Әділет министрліктерімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, биылғы жылдың 1 ақпанына дейін бәсекелес ортаға беруге жататын активтерді іріктеу тәсілдерін пысықтап, Үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірлеу және енгізуді жүзеге асыруы тиіс.
Орталық пен өңірлер арасындағы бюджетаралық өзара қарым-қатынастардың айқын қағидаларын қалыптастыру мақсатында Премьер-Министр бюджет заңнамасына түзетулер топтамасын дайындауды және жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін жетілдіруді де міндеттеп отыр. Ұлттық экономика министрлігіне сонымен бірге мүдделі мемлекеттік органдармен, батыс және оңтүстік өңірлердің – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және басқа да салалық бағдарламалар аясында жекелеген бағыттар әзірлеуі қажет.
Президенттің сынына ұшыраған LRT жобасына қатысты да мәселе өзекті болып тұр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, жобаны одан әрі пайдалану нұсқалары бойынша нақты ұсыныстар енгізуі қажет. Үкімет басшысы сондай-ақ, утилизациялық алым мәселесін, мұнай өнімдері нарығын реттеу жөнінде шаралар кешенін қысқа мерзімде әзірлеу керектігін өткір қойды.
«Самұрық-Қазына» АҚ реформалау бойынша нақты ұсыныстар қажет. Көктемгі егіске тиянақты түрде дайындық керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету күн тәртібінен түспеуі тиіс. Ал, ІІМ мен ТЖМ құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмысты сапалық нығайту жөнінде ұтымды ұсыныстар енгізуге міндетті.
Үкімет басшысы Қорғаныс министрлігіне Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, арнайы бөлімшелердің әскери қызметшілерінің табысын арттыру, әскери-көлік авиациясымен, қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Тағы бір толғақты мәселе – жұмысқа орналасуға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтап, әлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңарту бойынша жұмыс барынша пысықталуы тиіс.
Ұлттық экономика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері бір ай мерзімде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама жобасын әзірлеуі қажет.
Білім және ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін әлеуметтік қолдау шараларының тиісті пакетімен педагогтарды тарту бағдарламасын әзірлеп, беделді шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жөнінде шаралар қабылдайды.
Премьер-Министр бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысы жобасында техникалық бағыттар бойынша, бірінші кезекте, батыс өңірлерде гранттар санын ұлғайту, халық тығыз қоныстанған өңір жастарының жоғары оқу орындарында білім алуы үшін нысаналы гранттар көздеу қажеттігін атап өтті.
Үкімет басшысы алғашқы отырыста биылғы 1 ақпанға дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру мәселелерін пысықтау қажеттігін де еске салып өтті.
«Бүгінгі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Барынша біркісідей жұмылып, үйлесімді жұмыс істеуіміз қажет», – деді Ә. Смайылов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<