Облыс әкімі министрмен кездесті
Кеше Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният алдымен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті.
Кездесуде өңірдегі медициналық қызметтердің сапасын арттыру және ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту шаралары талқыланды.
Сондай-ақ аймақта жаңа медициналық нысандар құрылысын салу, дәрігерлерге әлеуметтік көмек көрсету және қауіпті ауруларды ерте анықтап, алдын алу мәселелері сөз болды.
Ана аман, сәби сау болсын десек…
Жұмыс сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медициналық мекемелерде болып, жұмысымен танысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге облыстық перинаталдық орталыққа барды. Орталық бас дәрігері Олег Ким 8 айда атқарылған іс-шараларды баяндап берді.
ІІІ деңгейлі медициналық мекеме 350 төсекпен қамтылған. Мұнда жылына 11 мыңға жуық босану болады. Ана мен балаға көрсетілетін көмек сапасын жақсарту мақсатында дәрігерлерді қосымша оқытып, өздеріне қажетті невролог, кардиолог, офтальмолог мамандарын даярлауды жолға қойған. Осы мамандарға қажетті Холтер, СМАД, ЭЭГ, ЭКГ аппараттары алынып, қолданысқа енгізілді. Орталықта былтыр 12349 нәресте дүниеге келсе, биылғы 8 айда 7480 бала туған. Бұл былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 747-ге төмен. Сонымен бірге бас дәрігер кейінгі кезде табиғи босанудан гөрі кесарь тілігімен босанудың көбейіп отырғанын айтты. Осы орайда министр кесарь тілігімен босанудың көбеюіне байланысты бөлек бақылау жасауды қолға алу керектігін алға тартты.
– Мәліметтерге сүйенсек, кесарь тілігімен босану, акушерлік қан кету жағдайлары жиілепті. Осыған байланысты әйелдерді бөлек бақылау жасауды ұйымдастыру керек шығар?.. Оның үстіне, ана өлімі де орын алуда, – деп атап өтті министр.
Сонымен қатар ол бас дәрігерге перинаталдық орталық болғандықтан, тек өз мекемелеріндегі емес, облыс бойынша әйелдер босануы мен нәрестелердің туу жағдайын назарға алып, сараптама жасап отыру қажеттігін ескертті. Мәселен, облыста былтыр 10 ана өлімі орын алса, биылғы сегіз айда 5 жағдай тіркелген. Оның екеуі осы орталықта болып отыр.
Сондай-ақ, былтырмен салыстырғанда экстремальді аз салмақтағы және өте аз салмақты нәрестелердің аман қалуы жоғарылап, сәби өлімі көрсеткіші азайған. Еліміз ДДҰ-ның сәбидің тірі туу өлшемдерінің жаңа сатысына көшкен 2008 жылдан бастап орталықта салмағы 500 грамнан басталатын жаңа туған нәрестелерді күту қолға алынған. Ол бойынша «Қауіпсіз ана болу», «Ана сүтімен қоректендіруді қорғау, қолдау және насихаттау», «Тиімді перинаталдық технологиялар» бағдарламалары енгізіліп, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту жұмыстары жүргізілуде.
Министр сонымен бірге нәрестелер жансақтау, босану бөлімдерімен танысты.
Жаңа туған нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия бөліміне өте қиын жағдайдағы, аса назар аударуды талап ететін нәрестелер, сонымен бірге шала туғандар түседі. Бөлімшеде нәрестенің қарқынды емі мен жағдайына мониторинг жүргізу үшін барлық мүмкіндік жасалған. Ал босану бөлімі екі блоктан тұрады. Бүгінде 22 жеке босану бөлмесі бар. Бөлім қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілген.
Жалпы орталықты қажетті мамандармен қамтуда бірқатар жұмыстар қолға алынған. Дәрігерлер, акушерлер мен мейірбикелердің заман талабына сай кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында елдегі жетекші емдеу мекемелерімен қатар, алыс-жақын шетелдерде, атап айтқанда, Корея, Жапония, Ресей, Финляндия, Израйл, Германия, Англия, Польша, Латвия, Нидерланды мемлекеттерінде тәжірибе алмасу жолға қойылған. Сондай-ақ, биыл орталыққа 4 анестезиолог-реаниматолог маман келген.
Ажар Ғиният келесі кезекте облыстық жедел жәрдем стансасының жұмысын көрді.
Жедел жәрдем қызметінің денсаулық сақтау саласындағы маңызы ерекше. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы құрамында 13 бөлімше және медициналық авиация бөлімшесі мен оперативті бөлім жұмыс істейді. 50 шақырыс тобы бар. Мұнда 978 қызметкер еңбек етеді. Халықаралық BLS, ASLS, PALS, PHTLS курстары бойынша 68 дәрігер, 524 орта буын медицина қызметкері оқытылған. Шақыртулар саны биыл сегіз айда былтырғы жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға артқан. Министр станса жұмысымен танысу барысында ауылдық жерлердегі жедел жәрдем көмегіне назар аудару қажеттігін ескертті.
– Ауылдардағы тұрғындар тарапынан жедел жәрдем қызметіне байланысты арыз-шағым көптеп түседі. Әсіресе, шақырту кезінде жедел жәрдем көлігінің кешігіп жетуі, қоңырау шала алмау секілді кедергілерді көп айтады. Жедел жәрдем қызметін орталықтандырамыз деп орталықтан шалғай жатқан елді мекендер шұғыл көмексіз қалмауы тиіс. Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары көп болатын жерлерге жедел жәрдем тобы жақын тұруы керек. Көмектің уақытылы көрсетілмеуі салдарынан түрлі қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Сондықтан бұл қызметті оңтайландыру бағытында жұмыстар қолға алынуда. Осыған орай сіздер тарапынан да ұсыныстар күтемін, – деді министр.
2020 жылдың аяғында лизинг арқылы 40 санитарлық автокөлік алынса, оның 15-і аудан бөлімшелеріне берілген.
Ұлттық жоба іске асырылуда
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңір тұрғындармен кездесу өткізді. Онда министрліктің өңірлермен бірге жүргізіп жатқан жұмысы және Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласының алдына қойған міндеттерінің орындалу барысы туралы баяндады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы іске асырылуда. Ұлттық жоба аясында медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жаңғырту, медицина және фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Пациенттердің құқықтарын қорғау және медицина қызметкерлерін сақтандыру, олардың мәртебесін арттыру бойынша заң жобасын қабылдау да қолға алынған.
– Биылғы 7 айдың қорытындысымен Қызылорда облысында жалпы өлім көрсеткіші 10 пайызға төмендеп, оң динамика көрсетті. Ана өлімінің, қан айналым жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктерден болатын өлімнің көрсеткіші едәуір төмендеген, – деді А.Ғиният.
Елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2022 жылы 12 нозология бойынша аурудың төмендеуі байқалады, оның ішінде коронавирус инфекциясымен ауыру 38%-ға төмендеді. Дегенмен күйдіргімен, Конго-қырым геморрагиялық қызбасымен, ботулизммен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады.
– 8 айдың қорытындысы бойынша профилактикалық екпелермен қамту тиісті халықтың 71,3%-ын немесе 1,3 млн адамды құрады. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында халықты ревакцинациямен қамту үшін тиісті шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта Қызылорда облысында вакциналауға жататын халықтың (255,7 мың адам) 68,7%-на екпе салынды, – деді министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін оны барынша мобильді және халықтың қалың тобына, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындарға қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген.
Халықтың өтініші бойынша амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді, соның негізінде Қызылорда облысының халқы жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер ала алады.
Сондай-ақ, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарауды және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдікті пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация беріледі және зерттеп-қаралады.
Ана мен бала денсаулығын сақтау – медицина саласындағы аса өзекті мәселе. Сондықтан халықаралық құжаттарда да ұлттық құжаттарда да, саяси мәні бар маңызды көрсеткіш ретінде белгіленген.
– Биыл жалпы ел бойынша бала туу саны өткен жылмен салыстырғанда төмендегенін айта кеткен жөн. 2022 жылдың 8 айының қорытындысымен Қызылорда облысында ана өлімі 42%-ға төмендеген. Осы 8 ай ішінде облыс бойынша 12,6 мың әйел босанған ҚР Президентінің тапсырмасымен өткен жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделгені бәріңізге мәлім. Осы бағдарламаның шеңберінде Қызылорда облысында былтыр 281 әйел экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама алып, 112 әйел жүкті болып, 119 отбасы сәби сүю бақытына бөленді, – деді министр.
Сондай-ақ, шешуді талап ететін бірқатар міндеттер бар. Олар – шала туған балаларға көмек көрсету сапасын арттыру, балалардағы патологияларды ерте анықтауды қамтамасыз ету. Ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері министрліктің ерекше бақылауында.
Облыс бойынша нәресте өлімінің өсуі проблемалық мәселелердің бірі болып отыр. Қызылорда облысында биыл 7 айдың қорытындысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға өсті. Оның себептері құрылымында перинаталдық кезеңде туындайтын жағдайлар жетекші болып қалуда, дамудың туа біткен ақаулары екінші орын алады. 3-ші орында – инфекциялық және паразиттік аурулар тұр. ҚР денсаулық сақтау министрі өңірде сәби өлімін төмендету бойынша кешенді шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Жасыратыны жоқ, бүгінде денсаулық саласына айтылып жатқан сыни пікірлер аз емес. Ол бұрын да болған, қазір де бар екені рас. Оны кездесуде осы саланың ардагерлері де жоққа шығармады.
Баяндамасынан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сыни пікірлер де болды. Әрбір қойылған сұраққа жауап берген министр одан кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ауылға бетбұрыс күшейе бермек
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында министр медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Бірінші кезекте ауылдық денсаулық сақтау саласына қатысты бастамаларды айтты.
– Халық саны 50 адамға дейінгі елді мекендерде медициналық көмекті үйде көрсетуге мүмкіндік беретін денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Бұрын ауылдық жерлерде мұндай мүмкіндік болмаған. Сондай-ақ, 500-ден 1500 адамға дейінгі ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылып, орта медицина қызметкерлерін тарту жұмыстары жүргізіледі, – деді ол.
Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде медицина қызметкерлерінің жұмыспен қамтылуы 78 мың, ал облыс бойынша 2,8 мың штат бірлігін құрайды. Бұл дегеніміз өңірде дәрігер кадрлардың тапшылығы 177 бірлікке төмен екенін көрсетеді.
– Республика бойынша медициналық жоғары оқу орнын бітіріп, ауылдық жерде жұмыс істейтін жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. 2021 жылы 282 маман көтерме жәрдемақы, 222-сі тұрғын үй, 92 маман басқа да әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді. Ал Қызылорда облысы бойынша 27 маман әлеуметтік қолдауға ие болды.
2025 жылға қарай республикалық бюджет есебінен 2000, ал жергілікті бюджеттен 1500-ден астам грант бөлінеді. Айта кету керек өткен жылы 2 809, ал биылғы жылдың 6 айында 593 маман біліктілігін арттыру курсынан өтті. Мұнан бөлек – медицина қызметкерлерінің жалақысын орташа жалақыдан 2 есе көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 531 мың теңгені, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 250 мың теңгені құрайды, – деді министр.
Отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі – халықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес ауылдық денсаулық сақтау объектілерінің базасында дәріхана пункттерін құру бойынша өзгерістер енгізілді. Енді сақтандырылмаған азаматтар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 12 ай бұрын әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жарналарын төлейді, бұл ретте олардың өткен кезеңдегі берешегі жойылады. Осы орайда бірыңғай дистрибьютор СҚ-Фармация негізінде амбулаториялық және стационарлық шеңберде 352,2 млрд теңгеге дәрілік заттар алынды. Ал облыс бойынша 13 млрд теңгеге дәрілік заттар сатып алу жүзеге асырылуда.
Конференция соңында денсаулық сақтау министрі БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, туындаған мәселелер шеңберінде бірқатар жұмыс атқарылатынын жеткізді.
Айнұр БАТТАЛОВА,
Шынар БЕКБАН,
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<