2018 жылдың 5 шілдесінде Мемлекет басшысы азаматтарға заң көмегін көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Бұл Заңның жобасын әзірлеу мақсаты да адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету жүйесін кешенді жетілдіру болып табылады.
«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі-Заң) 26-бабына сәйкес, бүгінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар тізімі көрсетілген.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.
Құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға;
2)Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге;
4) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсететіледі.
Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.
Адвокат көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу қағидаларының (бұдан әрі-Қағида) 2 тармағына сәйкес, Бюджеттік қаражат есебінен төлеуге адвокаттармен көрсетілетін заң көмегінің келесі түрлері жатады:
1) Заңның 26-бабының 2-тармағында қарастырылған жағдайларда, яғни ҚР азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға, жеке тұлғаларға құқықтық кеңес беру;
2) Қазақстан Республикасының қылмыстық процессуалдық кодексінің 67-бабының үшінші бөлімінде, 68-бабының төртінші, бесінші және алтыншы бөлімдерінде, 76-бабының екінші бөлімінде, 174-бабының екінші бөлімінде, 428-бабының төртінші бөлімінде, 478-бабының алтыншы бөлімінде, 495-бабында қарастырылған жағдайларда жеке тұлғаларды қорғау мен өкілдік ету;
3) Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 749-бабының және 750 бабының екінші, үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы бөлімдерінде қарастырылған жағдайларда жеке тұлғаларды қорғау;
4) Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексінің 112 және 325-баптарында қарастырылған жағдайларда жеке түлғаларға өкілдік ету.
Заңға сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін адвокаттар осы Заңда белгіленген тәртіппен өтеусіз көрсетеді және Қағидаға сәйкес жүзеге асырылады.
2019 жылы облыс бойынша адвокаттар саны 128 болған (2018 жылы бұл көрсеткіш 121 болған), былтырғы жылмен салыстырғанда 7 адвокатқа көбейген.
Заңның 28 бабына сәйкес, Департамент 114 адвокатпен мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін көрсету туралы келісімге отырған (бұл көрсеткіш 2018 жылы 104 болған), былтырғы жылмен салыстырғанда 10 адвокатқа көбейген.
Яғни, Заңның 28-бабына сәйкес, Департамент жыл сайын он бесінші желтоқсаннан кешіктірмей, адвокаттармен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісім жасасады.
Осыған орай Департаментпен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісімге отырған адвокаттар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесі күнінен кешіктірмей, адвокаттар алқасына өздері көрсеткен, мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы есеп ұсынады.
Департамент Адвокаттар алқасы өтінімінің қаулылар мен ұйғарымдарыда көрсетілген сәйкестігін тексеру нәтижесі бойынша, адвокаттардың заң көмегінің түрлері бойынша бөлінген жұмысын, төленетін соманы көрсете отырып ай сайын еркін нысанда салыстыру актісін жасайды және Адвокаттар алқасының шотына адвокаттардың заң көмегінің түрлері және қылмыстық құқық бұзушылықтардың санаты бойынша бөлінген адвокаттарға төленуге жататын соманы есептік кезеңнен кейінгі айдың 15 жұлдызынан кешіктірмей, ал желтоқсан айы үшін – есептік айдың 20 жұлдызынан кешіктірмей аударады.
2018 жылдың қаржыландыру жоспары бойынша тегін заң көмегін көрсету бойынша жыл басында Департаментке 105 млн 191 мың теңге бөлінген және адвокаттармен ұсынылған қаулылардың соммасына, санына қарай қосымша 51 млн 000 тағы бөлінді. Биылға жылға да дәл осындай қаражат бөлінуде.
Яғни, 2018 жылы бөлінген 156 млн 191 мың теңге толықтай игерілген.
«005» бюджеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде соттармен, анықтау және тергеу органдарымен 2018 жылы 5498 қаулы шығарылған, оның ішінде соттармен 3328, оның ішінде қылмыстық істер бойынша 2854, азаматтық істер бойынша 236, әкімшілік істер бойынша 238, тергеу және анықтау органдарымен 2170 қаулы шығарылған.
2018 жылы заңда көзделген жағдайларға сәйкес тегін заң көмегі 7239 адамға көрсетілген.
А.Қосбергенова,
облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<