Мемлекет қаражаты қатаң бақылауда

707

0

Биыл Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің құрылғанына 30 жыл толды. Қаржылық бақылау жүйесі мемлекет қалыптасуының кез келген кезеңінде жүзеге асырылды, өйткені кез келген қоғамдық қорлар мемлекеттің тұрақты және қатаң бақылауында болады.

Әр жылдары мекемелердің нысандарында әртүрлі қайта құрулар болды, қосымша функциялар енгізілді. Бірақ негізгі қызметі бюджеттің атқарылуы және мемлекет қаражатының пайдаланылуы туралы есепті бақылау.

2015 жылы бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 93 қадамын іске асыру шеңберінде ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган кіретін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүйесін құруды көздейтін «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылданды. Осыған орай Үкімет қаулысымен Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті сондай-ақ, оның аумақтық бөлімшелерінің атауы өзгертілді.

Аталған заңның негізгі жаңалықтары – бұл қаржылық бақылау бағытын түбегейлі өзгерту. Заң бұзушылық фактілерін анықтаудан жасалған құқық бұзушылықтар арасындағы себептік байланысты талдауға және болашақта олардың алдын алу шараларына көшуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңның негізгі аспектілерін атап айтсақ, бұл бойынша тексеру органдары арасындағы функцияларды бөлу және тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану арқылы қаржылық тексерудің кең таралған қайталануы жойылды, жазалау аудитінен профилактикалық аудитке көшті.

Егер бұрын тексерушілердің мақсаты бұзушылықтарды анықтау, кінәлілерді жазалау, мемлекеттік сатып алулардан кейін немесе мемлекет қаражаты игерілгеннен кейін оларды қайтаруға немесе түзетуге мәжбүрлеу болса, енді ішкі мемелекеттік аудиттің міндеті бөлек.

Электрондық аудит және Бірыңғай деректер базасы  – сыбайлас жемқорлыққа қарсы механизм. Халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген күшті әдістеме объектіге бармай-ақ электронды аудит жүргізуге мүмкіндік берді.

Негізгі мақсаты – байланысты жою жолымен мемлекеттік аудит объектілеріне жүктемені төмендету, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне сәйкес аудит жүргізу мерзімдерін қысқарту, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жедел шешімдер қабылдауды қамтамасыз ету. Электрондық ішкі мемлекеттік аудит құқықтық қатынастардың орнатылуын, өзгертiлуiн немесе тоқтатылуын көздейтiн электрондық цифрлық қолтаңбалар арқылы куәландырылған электрондық құжаттарды, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауды қоса алғанда, осы құқықтық қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерiн пайдаланған жағдайда ғана жүргізіледі.

Егер бұрын әрбір тексеруші орган тексеру нәтижелері бойынша өз есептерін дербес жасап, көбінесе нәтижелерін бөліспейтін болса, енді барлық тексеру материалдары Бірыңғай деректер базасында жүктеледі. Бұл республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіне сараптамалық-талдау қызметін күшейтуге мүмкіндік береді және барлық басқа мемлекеттік органдарға тек қана тәуекелі жоғары объектілер бойынша тексерулер белгілеуге немесе жоспарлауға көмектеседі.

Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау комитетінің камералдық бақылауы арқылы жүйелі бұзушылықтардың алдын алады. Мүлде жаңа бағыт – камералдық бақылау. Бұл нысандарға немесе объектілерге бармай-ақ, қазынашылық жүйелерінің, мемлекеттік сатып алу порталының мәліметтерін талдау арқылы бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, мемлекеттік сатып алу кезінде бұзушылықтар үлесінің айтарлықтай бөлігіне жол беріледі. Бұл – жоспарлауды асыра бағалау, әлеуетті өнім берушілерді заңсыз қабылдамау немесе рұқсат беру, конкурстық комиссияның критерийлерді қате (кейде әдейі) есептеуі және сайып келгенде «дұрыс жеткізушіні» таңдауы. Жаңа форматқа сәйкес камералдық бақылау мұндай бұзушылықтарды ерте кезеңде, шарт жасасқанға дейін анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай объектілерге бұзушылықтарды өздігінен жою үшін, сонымен қатар қателер дер кезінде түзетілген жағдайда хабарламалар жіберіледі, онымен қоса, лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Құқық қорғау бөлімшесімен өзара іс-қимыл және сапаны бақылауды жүзеге асыру. Бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізу үшін қаржылық есептіліктің жыл сайынғы аудиті және корпоративтік сектор аудитінің аутсорингі енгізілді. Өздеріңіз білетіндей, 2013 жылдан бастап Халықаралық қаржылық есептілік стандарты талап еткендей барлық мемлекеттік мекемелер бухгалтерлік есепті жүргізудің есептеу әдісіне көшкен. 2018 жылдан бастап бүкіл мемлекеттік бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит жүргізілуде.

ХҚЕС-ға өтуге ұзақ уақыт өткеніне қарамастан (2010 жылдан бастап) көптеген мемлекеттік органдар бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау ережелерін үнемі бұзады. Айта кететіні, мұндай бұзушылықтар үшін есепшілер өз қалтасынан әкімшілік айыппұл төлеуге мәжбүр, ал бұл дегенің – айлық есептік көрсеткіштің 100 еселенген мөлшері. Бұдан бөлек, есепке алу әдістемесін және еңбекақы төлеу процесін автоматтандыру бойынша қабылданған шараларға қарамастан, бақылау объектілерінің басшыларының бас бухгалтерлермен сөз байласу арқылы жалған жеке тұлғаларға берілген карт-шоттары арқылы ақшаны жымқыру және ұрлау фактілері әлі де бар.

Енді жаңа қабылданған заң бойынша, біз елдегі барлық мемлекеттік мекемелердің жасаған қаржылық есептілігін және оны бюджетті бағдарламалар әкімшілерімен біріктірілген немесе шоғырландырылған есептілігін растау үшін қаржылық есептілігі аудиті жүргізілуі керек. Қаржылық есептілік (шоғырландырылған қаржылық есептілік) аудитінің мақсаты – Ұлттық Банкті қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігінің анықтығын негізделген растауды алу.

Сертификатталған халықаралық әдістемені дұрыс қолдану үшін аудиторларды сертификаттау. Жаңа әдістеме болашақ аудиторларларды дайындауды талап етеді. Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдардың кәсіби, іскерлік қасиеттері мен ықтимал мүмкіндіктерінің жан-жақты және объективті сипаттамасын алу мақсатында оларды сертификаттау жүргізіледі.

Ол екі кезеңнен тұрады: білімін бекіту немесе растау және әңгімелесу. Мемлекеттік аудитордың біліктілігі деңгейлік жүйе бойынша тағайындалады: үшінші, екінші, бірінші, жоғары санат.

Біліктілік алу үшін үміткерлер алдымен қоғамдық сектор үшін халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес квазимемлекеттік секторда бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау бойынша біліктілік емтихандарын тапсыруы тиіс. Жоғарыда аталған емтихандарды сәтті тапсырған үміткер қаржылық есептілік, сәйкестік және тиімділік аудитін жүргізу бойынша емтихандарды тапсыруға рұқсат алады. Осы пәндер тізбесі мемлекеттік аудитор біліктілігін алуға негіз болады.

Емтиханды сәтті тапсырғаннан кейін кандитаттар мүшелері Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі, Үкіметтің, Есеп комитетінің, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның өкілдері болып табылатын сертификаттаудан өткізу жөніндегі Ұлттық комиссияда әңгімелесуден өтеді. Кандидаттың білімін растауы мен Ұлттық комиссиядан әңгімелесуден табысты өтуінің нәтижелері бойынша Ұлттық комиссияның шешімімен кандидатқа тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор біліктілігін иелену туралы сертификат беріледі.

Көріп отырғаныңыздай, мемлекеттік аудитор болу үшін үлкен білім, жоғары біліктілік және тұрақты моральдық ұстанымдар болуы қажет. Мемлекеттік аудиттің мақсаты – бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру.

Қазіргі уақытта мемлекеттік аудит белсенді түрде қолданылып келеді және экономиканы дамытудың негізгі элементі. Өйткені, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қаржылық бақылауды «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңында, өзге де заңдарда, Президент және Үкімет актілерінде белгіленген құзыреті шегінде бюджетке өтеуді, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарлар беру және (немесе) анықталған бұзушылықтар сомасын есепке алу бойынша көрсету, нұсқамаларды орындау және кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту жолымен қалпына келтіруді қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырады.

Райгүл ЕСМАХАНОВА,

қаржы саласының үздігі, еңбек ардагері, қаржыгер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<