Мемлекет және қоғам қайраткері университет ұжымымен кездесті

567

0

Мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторыпрофессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері Өмірзақ Озғанбаев Сыр еліне арнайы іс-сапармен келіп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымымен кездесті.

Жиында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова Өмірзақ Озғанбайұлының елді дамыту, сала жұмыстарын жандандыру бағытында айрықша еңбек сіңіргенін атап өтті.

-Мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторыпрофессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері Өмірзақ Озғанбаев Маңғыстау облысының тумасы, университетіміздің түлегі. Өмірзақ Озғанбайұлы ұзақ жылдар бойы білім саласында қажырлы еңбек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеу мен білікті кадрларды дайындауда нәтижелі жұмыстар атқарғаны барлығымызға белгілі. Сонымен қатар, республикалық деңгейде ардагерлер ұйымын басқарып, ақ жаулықты аналарымыз бен ақ сақалды қарияларымыздың мәселелерін шешуде жүйелі қадамдар жасағаны есімізде, – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Кездесуге   облыстық   ардагерлер   кеңесі     төрағасының   орынбасары

Күләй Ермағамбетова, Қызылорда қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев, университет ардагерлері, профессор-оқытушылары және жас ғалымдар мен студенттер қатысты.

Шарада Өмірзақ Озғанбайұлы өзі білім алған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетін әрдайым құрмет тұтатынын жеткізді.

-Университеттің берген білімі мен тәрбиесінің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткіздім деп айта аламын. Әр түрлі салада еңбек етіп, ғылым жолына түсуіме, осы кезге дейін 30-дан астам елге делегацияны бастап барып, Мәскеуде кандидаттық, Алматыда докторлық диссертацияны сәтті қорғауыма университетте алған білімім әсер етті, – деді Өмірзақ Озғанбайұлы.

 Айта кету керек, Өмірзақ Озғанбайұлы еңбек жолын білім беру саласынан бастап, «Білім» облыстық ұйымы төрағасының орынбасары, Маңғыстау облыстық педагог кадрларды даярлау, кәсіптік оқыту басқармасының Өңірлік институтының директоры, Қазақ КСР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық оқыту орталығының директоры, Маңғыстау облысы Білім департаментінің басшысы, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясының президенті, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің проректоры қызметтерін атқарды.

1994-1995 жылдары Қазақстан Білім және Ғылым жөніндегі министрлігінің жаңа технологиялар комитетінің мүшесі, 1996-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аймақтық даму және жергілікті басқару комитетінің төрағасы ретінде жауапкершілігі өте жоғары, ауқымды жұмыстарды жүргізді. «ҚазМұнайГаз барлау және өндіру» АҚ бас директорының кеңесшісі, «Рауан Медиа Груп» АҚ бас директорының кеңесшісі, республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы ретінде де еліміз үшін маңызды мәселелердің шешілуіне атсалысты.

  Бүгінде «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңес төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Шара барысында университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазыбай Құдайбергенұлы, Жаратылыстану институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов, тарих мамандығы бойынша 2 курс магистранты Аруна Қарабатырова Мемлекет және қоғам қайраткерінің білім беру саласындағы атқарған жұмыстары туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ, университет ұжымы биыл 80 жасқа толған Өмірзақ Озғанбайұлын мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<