Мемлекеттік айыптаушылар форумы

4

0

Сейсенбі күні Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен мемлекеттік айыптаушылар форумы өтті. Оған Құқық қорғау органдары академиясының ректоры мен профессорлары, облыстық сот төрағасы мен судьялары, прокуратураның жас мамандары мен мемлекеттік айыптаушылар қатысты.

Облыс прокуроры Ризабек Ожаров қылмыстық істерді қарап, әділ үкім шығаруда мемлекеттік айыптаушының ролі ерекше екенін айтты. Ол үшін айыптауды қолдаудың сапасын арттыру, жүйелі тәсіл қалыптастыру және қызметкерлердің кәсіби дағдысын үнемі жетілдіріп отыру қажет.

Құқық қорғау органдары ака­де­миясының ректоры Нұрғалым Әбдіров кіріспе сөз сөйлесе, облыс­тық прокуратураның мемле­кет­тік айыптауды қолдау және апел­ля­циялық сатыға қатысу басқар­масының аға прокуроры Бақай Махам­бетжанов алқабилердің қаты­суымен қаралатын қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптауды қол­дау ерекшеліктеріне, облыстық қылмыстық істер жөніндегі маман­дан­дырылған ауданаралық соттың судьясы Асыл Ізтілеуова мемлекеттік айыптауды қолдау кезінде назар ау­даратын негізгі аспектілерге тоқ­талды. Құқық қорғау органдары академиясының профессоры Динара Найманова мемлекеттік айыптауды қолдаудың тактикалық тәсілдерін тарқатып, сендіру дағдыларын дамыту тренингін өтті.

Жиынның басты мақсаты – мемлекеттік айыптауды қолдау бары­сында туындайтын өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және процесті одан әрі жетілдіру жөнінде ортақ шешімдер қабылдау. Іс-шара барысында екі негізгі бағыт сөз болды. Оның біріншісі –  Мемле кет басшысының 2024 жылғы Жолдауындағы тапсырмасынан туындайтын алқабилердің қаты­суымен қаралатын істердің артуы. Қазіргі күні республика бойынша да, облыс көлемінде де мұндай істер саны өсіп отыр. Форумға қатысушылар сот процесін оңтайландыру және алқа­билер институтының тиімділігін арт­тыру жөнінде өзара пікір алмасып, ұсыныстар жасады.

Екінші кезекте  прокурорлардың кәсіби даярлығы мәселесі қаралды. Мемлекеттік айып­таушының қоғам алдындағы жауап­кершілігі зор. Олар заңгерлік біліммен қатар, шеберлік, этикалық нормалар, сен­діру дағдылары, психологиялық тұрақтылық және стандартты емес жағдайларда дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін жетік меңгерген болуы тиіс. Спикерлер жас мамандарды кешенді түрде даярлаудың маңызын атап өтті.

Жиын қорытындысында қатысу­шылар өзара пікір алмасып, мемле­кеттік айыптауды қолдау процесін жетілдіруге бағытталған ортақ тұжырымға келді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»