Осы сауалға келгенде берер жауап көп. Білімді-білікті, тәжірибелі, әдептен аспайтын, тәртіптен аттамайтын, әрі қарай жалғаса береді. Бұл мемлекеттік қызметтің тек белгіленген уақытта жұмысқа барып келу ғана емес, 24 сағат бойы міндет пен жауапкершілікті арқалап, қоғамның сеніміне селкеу түсірмеу дегенге саяды. Сәйкесінше, олардың жұмысына, іс-әрекеті мен қызметтік әдебіне бақылау күшті. Мұндайда жауапкершіліктен бөлек, мемлекеттік қызметшінің дамуына қандай қолдау жасалып жатыр деген сұрақ туындайды…
Облыста 3,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Оның жартысына жуығы – әйелдер. 91 проценті жоғары білімді болса, 500-ге тарта – жасы 29-ға толмаған мамандар. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 22 және «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі де түрлі салада жемісті қызмет атқарып жүр.
Бүгінде олардың құқығын қорғауға үлкен мән берілген. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта қалмауына, үстеме ақы, материалдық жәрдемақы және сыйақы беру, еңбек демалысына шығару кезінде құқығы сақталуы назарда. Сондай-ақ, оң имиджін қалыптастыру бағытында арнайы жоспар бекітілген. Жоспарда мәдени, зияткерлік, құқықтық-ағарту шаралары қамтылған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандардың кәсібилігін шыңдау және болашақта өзін осы саладан көргісі келетін жастар үшін «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Тәлімгерлер пулы», «Құрметке лайық», «Басшылар дәрісі» секілді бастамаларды сәтті қолға алды.
Тарқатып айтсақ, аймақта мемлекеттік қызметтен зейнетке шығатын азаматтарға құрмет көрсету мақсатында «Құрметке лайық» жобасы іске асырылды. Оның ішінен «Тәлімгер пулы» құрылып, мұнда сала ардагерлері жас мамандарды қызметке бағдарлау жұмысын атқаруда. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы университетпен меморандумға отырып, «Абырой» жас мемлекеттік қызметшілер мектебі ашылды. Кәсіби мереке қарсаңында мектептің алғашқы 25 тыңдаушысы арнайы сертификатқа ие болды.
Әрі аталған университет базасында келесі оқу жылынан бастап «Адам ресурстарын басқару» мамандығы енгізіліп, HR-мамандарын дайындау қолға алынатын болады. «Болашақ» университетімен де жастарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында келісім бар.
Ал, «Басшылар дәрісі» жобасының мақсаты – азаматтардың сұранысы мен қажеттіліктеріне жедел жауап бере алатын әмбебап маман әзірлеу. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қолға алынған жобаға облыс әкімдігі мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы қолдау білдірген.
Бастама аясында облыстық басқарма басшылары аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық салалары бойынша мемлекеттік қызметшілерге дәріс оқиды, жаңашылдықтар жайынан хабардар етеді. Бұл мемлекеттік органға қабылдауға келген адамдарға мүмкіндігінше бір жерден жан-жақты ақпарат бере алатын мамандарды дайындау үшін жасалып отыр. Сонымен қатар республика бойынша өңірде алғаш рет «Болашақ» бағдарламасы мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің қатарынан «Түлектер пулы» құрылғанын білдік. Жоба аясында олар алған білімі мен тәжірибесін академияның облыстық филиалы базасында оқу курстарына қатысатын 500-ден астам мемлекеттік қызметшілермен бөлісетін болады. Мақсат – үздіксіз жұмыс істеп, көрінбейтін майданның әскеріне арналған мемлекеттік қызметшілердің еңсесін көтеру. Олардың жеке өмірі мен отбасыларына көңіл бөлуге мүмкіндік жасау, ұжымда өткізілетін көптеген мәдени шаралар арқылы жұмысқа деген құлшынысын арттыру. Департамент басшысы Рафхат Бисенов тек көпшілік шаралар ғана емес, қайырымдылық көрсету, спорттық ойындар ұйымдастырылатынын айтты. Мәселен, жақында 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай облыс әкімінің жүлдесіне арналған XXVI дәстүрлі мемлекеттік және ведомство қызметкерлері арасында спартакиада өткен және спорттық шарада 1000-нан астам мемлекеттік қызметкер пневматикалық мылтықпен ату, шағын футбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, волейбол, арқан тарту, жүзу секілді 9 спорт түрі бойынша бақ сынаған.
Жоғарыда келтіргеніміздей, «Мен мемлекеттік қызметшімін» деген кез келген жанның әрекеті, тәртібі мінсіз болу қажет. Себебі, ел мемлекеттік қызметкершілердің жұмысына қарап билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға береді. Әдеп кодексінде бұл мәселелерге ерекше басымдық беріліп отыр. Мемлекеттік қызметтегі өзгерістерді облыс тұрғындарына, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге кеңінен түсіндіру мақсатында департамент кең көлемді ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізіп келеді және нәтиже көңіл көншітерлік. Ең бастысы, Әдеп кодексі қызметкерлерді жазалауды емес, олардың бекітілген нормаларды сақтауын қадағалауды көздейді. Ал, бұл шаралар өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің салғырттыққа жол бермеуіне және мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы, мемлекеттің абыройы екенін ұмытпауға сеп.
Мөлдір СНАДИН
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<