Бүгінде облыста 3300-ден астам мемлекеттік қызметші болса, оның 15-і саяси, 3 331-і «Б» корпусында. Басшы лауазымда 297 әйел болса, 785 жас мемлекеттік қызметші бар, 25 ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, 4 «Болашақ» бағдарламасының түлегі жұмыс жасайды, 108 қызметші өз еркімен жұмыстан кеткен. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Меңдалиев жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты. Сонымен бірге өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Мемлекеттік қызметке алғаш рет және оны тоқтатқаннан кейін қайта келген 211 адамға 3 ай сынақ мерзімі белгіленіп, оның 196-на тәлімгерлер бекітілген, 44 мемлекеттік қызметшінің барлығы тағылымдамадан өткен.
– Мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру үшін тестілеуге 2651 адам қатысып, оның 634-і немесе 23,9%-ы шекті мәннен төмен емес нәтижеге қол жеткізді. Құқық қорғау органдарына алғаш кіретін азаматтарды тестілеуге 1046 адам қатысып, оның 327 немесе 31,3%-ы оң нәтижеге ие болды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын өткен жылы үздік бітірген 5 түлектің 2-і конкурстық іріктеусіз басшылық лауазымға тағайындалды. Мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын үздік бітірген 10 жас түлек мүмкіндікті пайдаланып, уәкілетті органның келісімімен аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасты. Өңірлік кадр резервіне алынған 25 үміткердің 6-ы (24%) конкурстық іріктеусіз бос лауазымдарға тағайындалды. Оның екеуі – басшы лауазымы. Агенттіктің келісімімен 5 мемлекеттік әкімшілік қызметші конкурс өткізілместен бос лауазымдарға тағайындалды, – деді департамент басшысы.
Өткен жылы «D-O-1» санаты бойынша ротациялауға жатқызылған мемлекеттік қызметшілер жоқ. «С-O-1» санаты бойынша 3 қызметші ротациялауға жатқызылса, D-O-2 санаты бойынша 11 мемлекеттік қызметші ротациялауға енгізілген.
– Бұл ретте, 6 қызметшінің қызметте болу мерзімі 5 жылдан асқандықтан, облыс әкімдігі мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады, 5 қызметшінің 3-еуі бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатысып, өзге қызметке орналасса, 1 мемлекеттік қызметші өзге D-O-2 санатындағы лауазыммен ротацияланды. Тағы 1 мемлекеттік қызметшінің ротациялану мерзімі 6 жыл толуына орай, құжаттары агенттікке жолданып, келісім алынды. Сонымен, D-O-2 санаты бойынша алғашқы ротацияланушылардың жұмысы толық аяқталды. Әрі қарай мерзімі келген мемлекеттік қызметшілерді ротациялау департаменттің бақылауында болады, – деді Ерлеген Жәрдемұлы.
Брифинг барысында департамент басшысы Әдеп жөніндегі кеңесте 12 отырыс болып, онда 58 мәселе қаралғанын айтты. Мәселелердің 19-ы – тәртіптік іс, 39-ы – профилактикалық бағыттағы есеп пен талдау қорытындысы. Кеңес отырыстарында Әдеп кодексінің талаптарын бұзуға қатысты 6, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар бойынша 13 тәртіптік іс қаралған.
Жалпы облыстағы мекемелер 6 103 075 қызмет көрсеткен. Аумақтық департамент 52 бақылау іс-шарасын өткізген. Профилактикалық бақылау, жоспарлы тексеру, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша жоспардан тыс тексеру және қашықтан мониторинг нәтижесінде жалпы 3222 бұзушылық анықталған.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына 80 өтініш түссе, 27 -не тексеру жүргізілген. Жүгінгендердің ішінен 8 қызмет алушының дәлелдері расталып, құқығы қалпына келтірілген.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<