Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілді

61

0

Департаменттің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет саласындағы бақылауды жүзеге асыру. Бұл ретте жыл басынан бері 57 өтініш түскен.

Олардың 46-сы – жеке тұлға, 3-і – заңды тұлға, 8-і – мемлекеттік қызметшілер. Қаралған өтініштерде конкурс өткізу қорытындысымен келіспеу, әлеуметтік қорғалу, әдеп нормаларын бұзу, тәртіптік жазамен келіспеу, конкурс өткізу тәртібіне қатысты сұрақтар жиі көтеріледі.

Құзыреттілік шегінде 23 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 143 бұзушылық анықталды. Олардың басым көпшілігі мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік мәселелеріне қатысты болып отыр.

Орын алған бұзушылықтарды жою бойынша 11 нұсқама енгізіліп, барлығы орындалды. Енгізілген ұсыныстардың нәтижесінде 1 қызметші тәртіптік жазаға тартылды, 2 мемлекеттік орган актілері заңсыздығы негізінде бұзылды, 3 әкімшілік іс қозғалды. Тексеру нәтижесімен 4 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.

Мысалы, Қармақшы ауданы әкімі аппаратына профилактикалық бақылау жүргізілгенде, бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларының сақталмағаны анықталды.

Атап айтқанда, іссапарға жiберiлген қызметкерге кетер алдында жол жүру ақысын, тұрғын үй-жайды жалдау бойынша шығыстарды төлеуге тиесiлi сома және тәулiкақы беріледi. Іссапардан оралғаннан кейiн қызметкер бес жұмыс күнi iшiнде шығыстар туралы растаушы құжаттарды қоса, есеп береді.

Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев ауылдық округінің әкімі Астана қаласында іссапарда болған. Оған кетер алдында жол жүру ақысы, тұрғын үй-жайды жалдау бойынша шығыстар мүлде төленбегені анықталды. Қармақшы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманына, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің сектор меңгерушісіне де мүлде төленбеген.

Департамент енгізген бұзушылықты жою туралы нұсқаманың нәтижесімен қызметшілерге іссапар шығындары төленді.

Сонымен қатар, Қазалы ауданы әкімі аппаратына профилактикалық бақылау жүргізілгенде, Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің әкіміне тәртіптік жаза қолдану барысында «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану» қағидаларының талаптары сақталмағаны анықталды.

Нұсқама беріліп, ауылдық округ әкіміне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың күші жойылып, құқығы қалпына келтірілді.

Алдағы уақытта да аумақтық департамент азаматтардың, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береді.

Е.МЕНДАЛИЕВ,

 Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

облыс бойынша департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<