Мемлекеттік сатып алу қызметі автоматтандырылуда

491

0

Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап құрылыс-монтаждау және жобалау бойынша сатып алу жұмыстары тек қана рейтингтік балдық жүйе арқылы жүзеге асырылды. Сәйкесінше, рейтингтік-балдық жүйе бойынша ұйымдастырылатын конкурстарда комиссия құрылмайды, сатып алу жеңімпазы ақпараттық жүйелердің негізінде 22 күнде автоматты түрде айқындалады.

Ал осы жылдың 1 ақпанынан бастап, техникалық қадағалау қызметтерін анықтау бойынша конкурстарды осы тәсіл арқылы толық автоматтандырылған түрде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов айтты.

– Мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіру мақсатында былтыр ҚР Қаржы министрлігіне 94 ұсыныс жолданды. Соның ішінде техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғаларға веб-порталда қойылған артық талапты алып тастау жөніндегі ұсыныс қолдау тапты. Былтыр мемлекеттік сатып алу саласында республикада бірінші болып енгізілген бір облыста – бір ұйымдастырушы тәсілінің қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, осы салада заң бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қала, аудан әкімдіктері және облыстық басқарма қызметкерлерінің қатысуымен 160 іс-шара өтті. Нәтижесінде ішкі мемлекеттік аудит органдары келтірген камералдық хабарламалар саны 15 пайызға азайды. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу саласында әкімшілік құқық бұзушылық 40 пайызға, ал әкімшілік айыппұл көлемі 62 пайызға дейін төмендеді, – деді басқарма басшысы.

Айта кету керек, былтыр мемлекеттік сатып алу саласында 5260 конкурс жарияланған. Тиісінше, көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 43 пайызға артып отыр. Жарияланған конкурстардың 2002-сі жұмыстарға, 1614-і қызметтерге, 1644-і тауарларға тиесілі.

Дильназ ТЕМІРҒАЛИ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<