«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауын ұйымдастыру және өткізу ережесі

387

0

1. Жалпы ережелер

1. Осы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауын (бұдан әрі – Байқау) ұйымдастыру және өткізу ережесі (бұдан әрі – Ереже) байқауға қатысу және жеңімпазды, жүлдегерлерді анықтау тәртібін белгілейді.

2. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау жұмыстарын жандандыру.

Байқау өткізудің міндеттері:

1) мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аударту;

2) мемлекеттік тілдің өзекті мәселелеріне арналған мақалалар, бағдарламалар арқылы отандастарымыздың танымын кеңейту;

3) қазақ тіліндегі контентті ұлғайту және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.

2. Байқауды ұйымдастыру тәртібі

3. Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы байқаудың ұйымдастырушысы болып табылады.

4. Байқауды өткізу туралы хабарландыру 2024 жылдың сәуір айында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және басқарманың интернет-ресурсына орналастырылады.

5. Байқауға қатысу үшін Ереженің 9-тармағында көрсетілген екі номинацияның біреуі бойынша өтінім (қол қойылған, сканерлеген) irc.ogo@mail.ru электронды поштасына «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына» деген белгімен, 2024 жылғы 16 мамырға  дейін мынадай құжаттармен бірге жолдануы тиіс:

1) осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша толтырылған өтінім;

2) 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 16 мамырға дейін баспасөз бен электронды порталдарда жарық көрген біртекті екі материалдың (газет-журналда немесе сайттарда жарияланған екі мақаланың) «Word» форматындағы электрондық нұсқалары, скриншоттары, сканерленген нұсқасы, белсенді сілтемесі;

3) немесе эфирге шыққан әлде ресми интернет аккаунттан жарияланған екі медиаөнімнің (теле-радио бағдарлама, телесюжет немесе кэпшн-видеоның) видеофайлы, аудиофайлы мен белсенді сілтемесі.

6. Ереженің 5-тармағында көрсетілген мерзімнен кейін Байқауға қатысу үшін ұсынылған өтінім қабылданбайды.

7. Байқауға ұсынылған материалдар кері қайтарылмайды.

8. Байқау материалдарын бағалау критерийлері:

1) тақырыпқа сәйкестік;

2) қамтылған ақпараттың өзектілігі, нақтылығы мен шынайылығы;

3) мәселені талдау тереңдігі;

4) материалды жеткізу шеберлігі;

5) журналистика принциптеріне сай келуі;

6) заманауи шешім жолдарын көрсетуі.

9. Байқау екі номинациядан тұрады:

1) «Үздік мақала»;

2) «Үздік теле және радиобағдарлама».

10. Байқауға қатысушылардың жұмысын бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылады.

Қазылар алқасының құрамын Басқарма анықтайды.

Қазылар алқасының құрамына кемінде үш адамнан тұратын журналистика, ақпарат саласының білікті мамандары, журналистика бойынша зерттеуші-ғалымдар кіреді.

11. Қазылар алқасының мүшелері Байқауға қатысушылардан түскен материалдар негізінде ашық дауыс беру арқылы Байқаудың екі номинациясы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды. Оны анықтау алдын ала жіберілетін өлшемшарттар негізінде жүргізіледі.

Қазылар алқасы мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

12. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде ресімделеді және оған қазылар алқасының барлық мүшелері қол қояды.

3. Байқауға қатысу тәртібі

13. Байқауға кәсіби журналистер, телевизия және радио, газет, сайт ұжымдары, сондай-ақ осы Ереженің талаптарына сәйкес мемлекеттік тілдің (қазақ тілінің) өзекті мәселелері жөнінде жариялым жасаған Қазақстан Республикасының және шетел азаматтары қатыса алады.

14. Байқауға соңғы 3 жылда бас жүлде және бірінші орын алған жеңімпаздар қатыстырылмайды.

15. Байқауға қатысушылардан елімізде және шетелде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту жөніндегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі материалдар қабылданады. Материалдар аналитикалық талдаулар, проблемалар мен олардың шешу жолдарына негізделуі қажет. Байқау материалдарында қазақ тілінің қолданысын кеңейтудің тиімді жолдары мен тың әдістері көрсетілуі тиіс.

16. Байқауға қатысушы үміткерлердің байқауға ұсынған материалдары олардың кәсіби біліктіліктерін, мультимедиалық сторителлинг және заманауи медиа мүмкіндіктерін, мемлекеттік тілді дамытудың заманауи моделін тұтас қоғамға және әрбір жеке оқырманға, тыңдарманға және көрерменге аша алуы қажет. Байқауға ұсынылатын материалдар авторларының заманауи біліктілігі, оның ішінде дата-журналистік қабілеттері де (сапамен, санмен жұмыс жасау қабілеті) ескеріледі.

17. Байқауға қатысушы коммуникативтік ресурстарды орынды қолданып, заманауи медиатехнологияларды дәстүрлі журналистика құралдарымен кіріктіре отырып, мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, сол арқылы мемлекеттік тілдің қызметі, даму жолдары мен мемлекеттік тіл саясатының түрлі қырларын, өзекті мәселелерін сапалы, сенімді және нәтижелі түрде баяндауы қажет.

18. Байқауға қатысушылардың қазақтілді контентті қарқынды дамытудың заманауи жолдары мен инновациялық шешімдерін көрсете білуі маңызды. Әлеуметтік ортада, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің нық орнығып, еркін қолданылуында кездесетін кедергілерді айқындай отырып, негізгі шешімдер ұсыну шеберлігіне мән беріледі.

4. Байқау қорытындысы туралы

19. Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлері Басқарманың Алғыс хатымен және сыйлықтармен марапатталады.

20. Байқау жеңімпаздарының құжаттары республикалық байқауға жолданады.

Байланыс координаттары: (8 7242) 605315.

WhatsApp: 8708 870 37 78; 8707 454 35 86.

Электронды пошта: irc.ogo@mail.ru

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<