«Мен банкротпын» деумен іс біте ме?

769

0

Фото: ашық дереккөзден

Жұртшылықтың банк алдындағы берешегі жылдан-жылға артып барады. Әсіресе тұтынушылық несие алушылардың қатары азаймай отыр. Ұлттық банктің ресми мәліметіне сүйенсек, былтыр қараша айында жылдық өсім алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 27,3 пайызға артқан.

Жеке тұлғаларға берілген несие өткен жылдың қарашасында 13884,2 млрд теңгеге дейін өскен. Олардың ішінде несиесін төлей алмай жалғыз баспанасынан айырылғалы тұрғандары қаншама? Жыл соңында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойды. Енді бұл заңның борышкерлер үшін қандай тиімділігі бар? Біраз жылдан бері айтылып келетін тақырыптың түйінін заң шешіп бере ала ма? Сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Жеке азаматтардың несиесін кешіру Үкімет үшін де, экономика үшін де тиімсіз деген түйінді экономистер бұрыннан айтып жүр.  Өйткені еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 90 пайызының несиесі бар. Әсіресе тұтынушылық несие, оның қатарына тұрмыстық заттар мен азық-түлікті несиеге алатындарды қосыңыз. Әрі төленбеген несие көлемі жалпы несие көлемінен 13 пайызға асып кеткен, яғни, 100 адамның 13-і несиесін төлей алмай жатыр деген сөз. 100 адамның 90 пайызы кредит алса, оның 13-і төлей алмай жатса, демек ахуалдың жақсы емесін байқауға болады. Бұл заңды қабылдатуға кезінде 2014 жылы «Ақжол» партиясы белсене кіріскенін білеміз. Алайда Үкімет бірнеше факторларға байланысты кейінге шегеріп келген еді.

Несие бюросының дерегіне сүйенсек, жалпы қарызын бірнеше айдан бері өтемегендер саны 1 миллионнан асады екен, яғни қарыз – 994,8 миллиард теңге. Мұнда банктердің балансындағы борыштар және баланстан тыс қарыздар ескеріледі. Алайда кей сарапшылар проблемалық қарыздары бар қазақстандықтардың саны 2 миллион адамға жетеді деп есептейді. Демек, жағдай статистикадағыдан да күрделі болуы мүмкін.

– Бізге бұл заң керек, себебі қазір елдегі экономикалық белсенді азаматтардың әрбір екіншісінде несие бар. Олардың 45 пайызының несиесінің мерзімі өтіп кеткен. Негізінен дамушы қоғамда осындай жайт байқалатын болса, ол мемлекеттің сыртқы инвестициялық климатына әсерін тигізеді. Бұл алдағы уақытта болуы мүмкін әлеуметтік жарылыстың алдын алуға мүмкіндік береді. Өйткені дәл қазір халыққа ешқандай шектеусіз несие үлестіріліп жатыр. Бұл жерде банктердің де кінәсі бар.

Біздің екінші деңгейлі банктердің барлығы да бизнеске несие бергеннен гөрі тәуекелі көп тұтынушы несиесін беруді әбден жолға қойып алған. Ал әлемдік статистикадағы пропорция бойынша, банктер тұтынушылық несиені 35 пайыздан асырмауы керек. Қалған 65 пайызы бизнеске берілетін несие болуы керек, – дейді экономист Қамар Бекетова.

Заң бойынша мәселені сотсыз немесе сот арқылы шешуге болады.  Егер берешегі бар адамның  қарызы 300 мың теңге мен 5 миллион теңгенің аралығында болса, мәселені соттың көмегіне жүгінбей-ақ реттеуге болады. Ал қарызы 5 миллион теңгеден асып кеткен болса, істі сот қарайды. Оған қоса борышкер несиесін 5 жыл бойы төлей алмаса ғана өтініш бере алады, атында ешқандай мүлкі болмауы, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,3 пайыз екен. Бұл көрсеткіш кедейлік деңгейі деп те аталады.

Банкротпын деп өтініш жазғаннан несие кешіріліп, онымен іс біте қалады деп ойласаңыз, қателесесіз. Өзін банкрот деп тануды сұраған адам жарты жыл бойы бақылауда болады. Осы жарты жыл ішінде ол қандай да бір мүлік иеленсе, немесе төлем қабілеті жақсарып, берешегін өзі өтей алатын болса, банкроттықты тоқтату туралы өтініш беруге міндетті. Ал 6 айда жағдайы реттелмесе, ол адам банкрот деп танылады. Банкрот болғандарға қойылар бірнеше талаптар мен шектеулер бар. Жалпы банкроттықтың салдарынан  5 жылға несие алудан шектелесіз. Екіншіден, 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Үшіншіден, 3 жыл бойы қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Мемлекет басшысы бұл заңға қол қойғанмен, әлі күшіне енген жоқ. Бірақ кейбір адамдар өтінімнің неге қабылданбай жатқанынан хабарсыз. Өйткені оның әлі алгоритмі жасалғанмен, қандай құжаттар қажет екені нақтыланбаған. Бұл бір ғана кірістер департаментінің жүзеге асыратын ісі емес, бірнеше уәкілетті органның жұмысы жүйелену керек. Ал бұл кемі екі ай уақыт алады. Оның үстіне бағдарламалар цифрландырылу керек. Кейбір заңнамаларға әлі де толықтырулар мен өзгерістер енетінін тағы қосыңыз. Сонымен борышкерден қабылданатын өтініш наурыз айынан басталады. Бұл жайлы облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшин брифингте түсіндіріп өтті.

– Халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізу ұсынылып отыр. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімі аясында 1600 АЕК-ке (шамамен 5 млн теңге) дейін қарызы бар адамдар қамтылады. Ол үшін бірнеше шарт ескерілуі керек. Осы орайда банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 1600 АЕК, яғни шарт бойынша қарыз 5,5 млн теңгеден аспауы керек. Сонымен бірге ол 12 ай бойы қатарынан өтелмеген болуы қажет. Мемлекеттік тіркеуге жататын мүлігі болмауы тиіс.  Оның ішіне жылжымайтын мүлік, жер, көлік кіреді.  Банк, микроқаржы ұйымынан алынған борышты реттеу туралы құжат талап етіледі. Екіншісі өтініш борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі. Бұл рәсімдегі шарттың бірі – борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылса, онда кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы.  Ал ол кепіл болып табылмаса мүліктік массаға енгізілмейді. Банкроттықты жүргізу мерзімі 6 айға ұзаруы мүмкін, – дейді ол.

Облыста қанша адамның 12 ай қатарыан несиесі өтелмегені туралы ақпарат айтылмады. «Мен банкротпын» деп өз-өзіңізді жариялай салғанмен несиеңіз кешіріле қоймайды. Оның соңында бірнеше ай жүгіруіңізге тура келеді. Заңның қарапайым адам түсіне бермейтін тұстары да жетерлік. Оны ең бірінші мамандар зерделеп, бір жүйеге түскен соң ғана көпшілікке мәлім болатыны анық.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<