Мен – майдангердің ұлымын

393

0

Міне, уақыт түн ортасынан асты. Жаңа тәуліктің алғашқы минуттары да басталды. Ұйқым келер емес.Кеше (нақтысы мұнан бірнеше сағат бұрын) кешкілік өзіміз туып – өскен батыр атамның ауылынан Мака досым қоңырау шалып, папасының (санамызға осы сөздің сіңісті болғаны соншалықты әке деп айту керек екендігін білсекте аузымыз үйренген папа – мамаға кетіп қала береміз.Бұл үшін кешірім өтінемін. Алайда бұл турасына келгенде тек біздің кінәміз ғана емес. Сол тұстағы қоғамның да дерті ғой деп өзімізді жұбатқан болаиыз) қайтқан күніне байланысты құран бағыштататынын айтып, ішінде болуымды өтінді. Санама ұстаздардың ұстазы атанған досымның әкесі Күлімбет Тілеубергенов ағайдың бейнесі оралғанда, тамағыма өксік тығылғандай болды. Көз алдымнан топырағына аунап өскен ауылым,  елді мекеннің береке – құтындай Ащыкөл,  өзіміз білім алған алтын ұя мектебіміз,  омырауында ордень – медалдары жарқыраған мұғалім әкем, анам жұмыс істеген дөң басындағы дүкен, үйректің балапанындай шүпірлеген өңшең қарасирақтар өсіп – өнген қасиетті қарашаңырағымыз …бәрі – бәрі сырғып өтіп жатты.

Бүгінгі Жеңіс күні мерекесі барша майдангерлер сияқты Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері менің папам Айдарбек Табынбаев үшін ең қымбат күн саналатын.Қашаннан қалыптасқан үрдіс бойынша әулетіміз бұл күнді ерекше атап өтетін.Үлкен жанұямыз мерекелік көңіл күйде жүріп, қой сойылып, мамам  кең қылып дастархан дайындайтын. Кеудесінде қаптаған ордень – медалдары бар әкемнің достары біздің үйде бас қосатын. Қайран, келмеске кеткен күндер!

Балалық дегенді қойсаңшы. Қонақтар отырған бөлменің есігінен сығалап жүріп, сол көкелеріміздің сырнайға қосылып орысша өлең айтқандарына, әңгіме барысында  кейде дардай кісілердің көздерін сулап, жанарларына жас алғандарына таңдана қараушы едік. Сөйтсек… әкелеріміз  соғыста мерт болған қанды көйлек достарын,  жер бетіндегі тамұқтан бірде кем емес, қанды шайқастың зардабын еске алады екен – ау…..

Марқұм папамнан соғыс жайлы, неміс солдаттары туралы сұрастырғанымда көп ашыла бермейтін. «Балам – ай, олар да адам баласы ғой. Қарапайым адамдарда әсіресе солдаттарда не ерік бар дейсің?! Кімнің өмір сүргісі келмейді?! Соғыстың аты соғыс. Адам өлтіргеннің несі мақтаныш дейсің?!» деп қатқыл жауап қайтарушы еді.

Есейе келе папамның взвод командирінің көмекшісі ретінде соғысқанын, Кеңес Одағының батыры Александр Матросовпен кіші командирлер дайындайтын қысқа мерзімді курста бірге оқығанын естідім. Папам Матросовтың мінезді болғанына қоса,  ұлты орыс емес дегенді жиі айтушы еді.

«Біздің к автоматтар қызу ұрыс кезінде қызып кетіп, істен жиі шығады. Немістердің қаруында мін жоқ, Оғы таусылғанша септіріп ата бер. Мыңқ етпейді. Оның үстіне біздің әскерлерде автомат командир мен көмекшісінде ғана болады. Көпшілігінде винтовка. Мылтығыңның затворын тартқыштап жатқанда жаудың қарша боратқан оғына тап болуың оп – оңай. Сондықтан біздің солдаттар жау шабуылын тойтарған соң, окоп маңында өліп жатқан немістердің автоматтарын жинап алып, пайдаланады. Мұны көрсеңде, көрмеген кейіп танытасың. «Алма» десең келесі шабуылда оққа ұшасың. «Ал» десең басың үлкен дауға қалады. Жаудың қаруын, адам күшін мақтап, насхаттап жүрсің деп сатқын ретінде жазалануың, тіпті соғыс уақытының заңымен атылып кетуің мүмкін.  Взводыңдағы солдаттардың біреуі  үндеместердің адамы. Оның кім екенін ешкім, ешқашан біле алмайды. Бірақ кез келген айтқан сөзің, жасаған әрекетіңді арнаулы орындар сол мезетінде айна – қатесіз біліп отырады. Талай мәрте солдаттарды шабуылға көтеруге тура келді. Сондайда оқ тиіп, ажал аузында жатқан солдаттардың «Отан үшін!» деген үранмен басын көтеріп, «Сталин үшін!» дегенде жандәрмен алға ұмтылып, жан тапсырғанын сан мәрте көзім көрді» деп көзіне жас алушы еді.

Папам Сталинді керемет жақсы көретін. «Қолында қандай құдіретті күш болғанымен байлыққа қызықпаған адам. Өлгенде де әскери киіммен кетті. Нағыз солдат!»деп атына шаң жуытпаушы еді. Менің «Сталин қанішер. Қаншама жазықсыз адамды аттырды, репрессияға ұшыратты» дегеніме «Бәріне жергілікті жердің атқамінерлері кінәлі. «Халық жауы» деген статьяға жазықсыздарды енгізген сол құйыршықтар.Болмаса Мәскеуде отырған Сталин сенің айдаладағы Қазалыңның қарапайым колхозшысын қайдан білсін?!» деп күйіп – пісетін.

Папамның денесінде неміс автоматының оғы өмір бойы жүрді.Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында өлім аузынан қалды. Соғыста алған жарақаты ашылып кетіп, облыс орталығында ауыр операция жасады. Дәрігерлер денсінен алынған оқтың арада қаншама уақыт өтседе өзгермей, сол қаз – қалпында тұрғандығына айран – асыр қалды.Марқұм папам күн райы бұзылып, бұлттанған сәтте қызуы көтеріліп, қатты қиналатын. Сондайда папаның қол – аяғын уқалап, егіліп отыратын маманың аянышты түрі, әжемнің «Жалғызымның орнына мені ал!» деп Аллаға жалбарынған зарлы үні жадымызға сақталып қалыпты.Кәзіргі сәтке дейін күн бұлттанса, жанарыма жас үйріледі. Иә, атың өшкір соғыс енді ешқашан, еш жерде болмаса екен!Біз сіздерге қарыздармыз, майдангерлер! Бейбіт күннің қадірін білейікші, замандас!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы,

Жанқожа батыр ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<