Жуырда «Рухани жаңғыру» орталығы мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Менің отбасымның тарихы» атты фото, видео, эссе байқауы өтті. Оған аймағымыздың барлық аудандарынан 5-9 сынып оқушылары қатысып, бақ сынады.
Байқау мектепшілік, аудандық, облыстық кезеңдерден тұрды. Сайыс барысында қатысушылар отбасы туралы фото-көрме жасап, арнайы билбордқа шығарылған суреттер қорын және видео түсірілімдерін көрсетті. Мұнан соң отбасы құндылығы бойынша жазған эсселерімен таныстырды. Байқау шарты бойынша эссе алдын ала «Ақмешіт жастары» газетінде жарияланған.
Байқауға орталықтың бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова жетекшілік етті. Сайыс қорытындысы бойынша облыстық білім басқармасы тағайындаған жүлделі І орынды Қармақшы ауданы №29 мектептің 7-сынып оқушысы Бекқанат Смайылұлы иемденсе, ІІ орын №140 орта мектеп, «Атамекен» балалар үйінің оқушысы Нұршат Нышанова мен №176 мектептің 7-сынып оқушысы Мафтуллина Альбинаға бұйырды. ІІІ орынды Қазалы ауданы №190 мектептің оқушысы Танакөз Көпжасар, Байқоңыр қаласы №272 мектептің оқушысы Дильназ Ерұланқызы, Қызылорда қаласы №197 мектептің оқушысы Әніс Шыңғыс алды. Ал, «Рухани жаңғыру» орталығының арнайы жүлдесі І орынды Қызылорда қаласы №233 мектептің оқушысы Іңкәр Қойшығұл, ІІ орынды Шиелі ауданы №47 мектеп-лицей оқушысы Ерке Әшімхан мен №7 мектеп-лицейдің оқушысы Ақтілек Ахметәлі еншіледі. ІІІ орынды Жаңақорған ауданы №195 мектептің оқушысы Сымбат Насыр, Қазалы ауданы №17 орта мектеп оқушысы Айдана Кеңес, Қызылорда қаласы №101 мектеп-лицейдің оқушысы Нұрдана Жеткерген иеленді.
Жалпы ұлттық тәрбие мен құндылықтарды алға тартқан айтулы шара жоғары деңгейде өтіп, оқушылардың отбасына деген құрметін арттыруға ықпал етсе, шығармашылық өнерін дамытуға деген қызығушылығын арттырды.
М.ОТАРАЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<