Мерейлі белеске көтерілген білім ордасы

844

0

Мен 1986 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Шет тілдері» факультетіне тарих мамандығына оқуға түсіп, жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болдым. Оның алдында орта мектепті аяқтағаннан кейін алғашқы еңбек жолымды туған ауылымда бастап, Кеңес әскері қатарында Украина елінде азаматтық борышымды өтеп келген болатынмын.

Ол уақытта тарих мамандығы жеке факультет болмағандықтан болса керек, шет тілдері факультетінің құрамына енгізілген және тарих мамандығына бітірушілерге қосымша шет тілдері пәні мұғалімі біліктілігі де беріліп отырған. Бұл педагогикалық институт тарихында тарих мамандығы өткен ғасырдың 50-60 жылдары болған және кейін жабылып қалған екен. Бұл мамандық 1983 жылы қайта ашылған.

Ол кезде факультетті Тайлақбаев басқарса, кейін Нұрахметов және Б.Карбозов декан қызметін атқарды.

Аталған факультет құрамында М.Киреев, А.Әбдіхалықов. Ү.Абдуллаев, И.Жұбаниязов, М.Аңсатова, Ш.Бегімқұлова, Ө.Қожақов, Д.Сәтпай секілді т.б. білікті ғалым-ұстаздар жұмыс істеді. Біз сол кісілерден жан-жақты білім алумен қатар өнегелі тәлім-тәрбиесін алдық.

Білім ордасынан 1991 жылы тарих және қосымша шет тілдері (француз тілі) мамандығын алып шықтым. Мен сол жылдан бастап Сырдария ауданының орта мектебінде, кейін сол ауданның білім бөлімінде аудан тарағанша, яғни 1997 жылға дейін қызмет істедім. Осы жылдан бастап «Қазақстан тарихы және саясаттану» кафедрасында осы университетте оқытушылық  қызметімді бастадым. Сол уақытта университет ректоры лауазымында өз саласының білікті маманы, ұяң мінезді Болат Абдрасилов болды.

1998 жылы Қызылорда гуманитарлық университеті Ы.Жақаев атындағы инженерлік институтымен  біріктіріліп, Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университет болып қайта құрылды. Осы жылы «Қазақстан тарихы саясаттану және әлеуметтану» кафедрасы құрылып, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент М.Қараманова кафедра меңгерушілігіне бекітілді. Ол кісі орыс тілді маман болғанымен терең білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білікті басшы қалпында абырой-беделге ие болды.

Мен 2002 жылдан бастап «Саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының меңгерушісі, ал 2010 жылы «Музыка және педагогика» факультетінің деканы, 2013-2015 жылдары «Жалпы тарих» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқардым. Осы жылдар ішінде көптеген білікті де, білімді, дарынды ғалым-оқытушы әріптестеріммен жақсы қарым-қатынаста және сыпайы сыйластықта қызмет жасап келемін. Қазіргі уақытта «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасында оқытушы болып еңбек етудемін.

Жеке қызмет жолымда бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен ректорлық басшылықта жандарды, атап айтқанда университеттің ғылыми күш-қуаты мен материалдық базалық ахуалын көтеруде зор еңбек сіңірген академик Қ.Бисеновті, осы оқу ордасының тарихында өзіндік қолтаңба қалдырған академик Б.Момынбаевты және көп жыл проректор қызметін атқарған, оқу үдерісін ұйымдастырудың қас шебері атанған марқұм профессор Б.Сайлыбаевты құрмет тұтамын.

Сөз соңында жаңа заман талабына бейімделген, жаңашыл ректор Б.Кәрімованың басшылығындағы Сыр өңіріндегі ордалы оқу ордасын тойланып отырған бүгінгі таңдағы 85 жылдық мерейлі мерекесіне орай құттықтай отырып, ұжымның ғылыми жасампаздық жолына зор табыс, ынтымақт-береке тілеймін.

Ербол ӘБЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті,

 «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер»

                       кафедрасының доценті, саясаттану ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<