Мерейлі мерейтой иесі

1342

0

Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Бейбітбек Бүркітбайұлының 70 жас мерейтойына арналған «Жүрегім туған жерге ғашық әлі» атты шығармашылық кеш өтті.

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов мерейтой иесін құттықтап, құрмет көрсетті.

– Бейбітбек Бүркітбайұлының қарапайым ауыл жұмысшысынан басталған ізденісі оны жазуға таласы бар көп қаламгердің бірегейіне айналдырды. Журналистикадағы алғашқы қадамынан туған шығармалары мен баспасөз бетіндегі мәнді мақалалары бүгінде Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетінің мұрағатында білікті маман еңбегін айшықтап тұр. Бейбітбек аға журналистика төріне өзінің адал еңбек, маңдай терімен, үздіксіз ізденіс, тоқтаусыз жұмысымен озды.

Қалың бұқараның мұң-мұқтажы мен аймақ халқының ауыр тұрмыс-тіршілігін ашық айтып, талай өзекті жайлардың оң шешімін табуына атсалысу кәсіби ғана емес, азаматтық өлшем де. Бейбітбек Бүркітбайұлы журналистикадағы бұл белесті де абыроймен жүріп өтті. Республикалық құқықтық, қоғамдық-саяси «Заң газетінде» ардагер қаламгердің құқық мәселелерді қаузаған көптеген мақалалары жарық көрді. Еңбек дауларын зерттеді, қысым көргенге қарымды қаламымен қалқан болды. 

Сыр бойы мәдениеті мен әдебиетінің дамуында  Бейбітбек ағамыздың өзіндік айшықты қолтаңбасы бар.  Аймақ журналистикасының алдыңғы буын өкілі, ардагер журналист Бейбітбек Бүркітбайұлы ағамызды аудан халқының атынан жетпіс жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтаймын! – деді Асқарбек Темірбекұлы. 

Салтанатты шарада кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожатай Құлмахан, Бейбітбек Бүркітбайұлымен бірге қызметтес болған Жалағаш ауданының құрметті азаматы Қоғажай Ерғалиева құттықтау сөз сөйледі.

Шығармашылық кеште автордың «Зәнжілді зар», «Алаңжар» кітаптарының тұсауы кесіліп, өз оқырмандарына жол тартты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<