Бүгін Сырдария ауданында да 95 жылдыққа арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерейтой аясында түрлі мәдени-көпшілік шаралар жоспарланған.
Алдымен орталық спорт кешенінде қазақша күрестен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаев атындағы республикалық турнир басталды.
Мұнан әрі «Еңбек даңқы» мұражайында Суретшілер Одағының мүшесі, мүсінші Жәркен Исмағұловтың «Қара тасқа тіл бітірген…» атты шығармашылық кеші өтті.
Тереңөзек кентінде күрделі жөндеуден өткен спорт клубының ашылу рәсімі, аудандық мәдениет үйінде журналист-этнограф, Мәдениет қайраткері Тынышбек Дайрабайдың 80 жас мерейтойына арналған облыстық ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұранының авторларының бірі, ақын Жадыра Дәрібаеваның 75 жасына орай «Жарық дүние, кереметсің, керемет!» атты көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті.
Дүбірлі дода, тартысты ойын жанкүйерлері «Соркөл» алаңында өткен көкпарды қызыға тамашалады.
Мереке орталық стадионда аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен, «Елі ырысты, жері күрішті Сырдария» атты гала-концертпен қорытындыланды. Іс—шараға қатысқан облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов аймақ басшысының аудан халқына арнаған құттықтау хатын оқып берді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<