Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында республиканың түкпір-түкпірінен жиналған мерейлі отбасыларды салтанатты марапаттау іс- шарасы өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының төрағасы
М. Әшімбаев, Мәдениет және ақпарат министрі А. Балаева, Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері қатысты.
Салтанаты іс- шараға Қызылорда облысынан барған Бектаевтар отбасы «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық конкурсының лауреаты атанды.
Еңбек ардагерлері Төлеміс Бектаев ақсақал мен Сәнімкүл Әшірбекова әжейдің шаңырағынан 11 перзент өрбіген. Ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы ерен еңбегі үшін Жалағаш ауданының Құрметті азаматы атанған Төлеміс ақсақал «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Батыр ана Сәнімкүл Әшірбекова қажырлы еңбегі үшін «Халықтар достығы» орденін иеленген.
Бектаевтар әулетіндегі 11 баладан 43 немере, 66 шөбере және екі шөпшек тараған. Бұл әулеттің үлкен-кішісі еңбектің қадірін біледі және оны барша игіліктің бастауы деп санайды. Бүгінде Бектаевтар отбасы Сыр өңірінің экономикалық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып қана қоймай, өңірдегі маңызды іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып келеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<