«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

1003

0

Қызылордада отбасы құндылықтарын дәріптеген, шаңырақтың шырайын кіргізіп, түтінін түзу ұшырған өнегелі отбасылар марапат биігінен көрінді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан үлгілі отбасылардың қатары тағы да толықты. Бүгін «Достық» үйінде ұлттық байқаудың облыстық жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаздарды құттықтап, елімізде түп-тамырын ұлттық құндылықтардан алатын отбасы институтының орны ерекше екенін айтты. Бірлікті берік ұстанған, берекені еңбектен тапқан әулеттерге құрмет көрсетті. «Әуелден отбасы құндылығына аса мән берген қазақ үшін Отан, шаңырақ – ең киелі, құдіретті ұғым. Ал отбасы – мемлекеттің іргетасы. Оның берік әрі нық болуы – елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды», – деген болатын.

Бүгінде отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде. Қазір облысымызда 17 мыңға жуық «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері, 34 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ай сайын 2 млрд 484 млн. теңге мемлекеттік жәрдемақы төленуде», – деді аймақ басшысы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша шиелілік Асановтар мен қармақшылық Көбеевтер жүлделі ІІІ орынды, Қазалы ауданынан қатысқан Бөлебаевтар әулеті ІІ орынды иеленді. Сырдария ауданының Үмбетаевтар отбасы І орын иемденсе, қазалылық Смағұловтар отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды. Байқауда жеңімпаз атанған отбасының үлкені, мәуелі бәйтерегі Қабақ Смағұлұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Қан майдандағы ерлігі үшін түрлі деңгейдегі ордендермен марапатталған. Соғыстан кейін 40 жыл есеп саласында еңбек еткен, Қазалы ауданының Құрметті азаматы. Ардагердің 10 баласы бар, әулетінде 22 немере, 32 шөбере, 2 шөпшегі өсіп келеді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады.

Айта кетейік, биыл байқауға өңірімізден 304 отбасы өтінім білдірген. Қала және ауданда байқау ережесіне сәйкес келетін 16 отбасы іріктеліп, облыстық кезеңге өтті. Комиссия мүшелері 11 отбасыны іріктеп, оларға жүлделі орындар мен номинациялар тағайындады. Бас жүлдеге ие болған отбасының құжаттары республикалық кезеңге жолданады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<