Мерейлі отбасы – мемлекет тірегі

390

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Мерейлі отбасы-2024» байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жеткен отбасыларды марапаттап, алдағы Конституция, Отбасы күні мерекелерімен құттықтады. Айталық, биыл байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан 256 отбасының арасынан оза шыққан 16 отбасы жүлдеге лайықты деп бағаланып, сый-құрметке бөленді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді» деген болатын.

Елімізде 2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні, 2014 жылдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Мерейлі отбасы – береке-бірлігімен, тәлім-тәрбиесімен, қалыптасқан қағидасымен, асыл қасиеттерімен баршаға өнеге.

Сондықтан, олардың үлгісін дәріптеп, тағылымын көпке тарату маңызды. Биылғы конкурс нәтижесімен 16 отбасы үздіктер қатарынан табылды. Барлығы – өскен-өнген әулеттер мен шаңырақтар. Өңірлік комиссияның шешімімен Төлеміс Бектаевтың отбасы республикалық конкурста облысымыздың мерейін үстем етеді. Бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер сақталып, өзара сыйластық салтанат құрған барлығыңызға ризашылығымызды білдіреміз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы облыс көлемінде отбасыларға әлеуметтік көмек үздіксіз көрсетіліп, ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Айталық, өңірде аналардың 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері, 34 мыңға жуығы – көпбалалы. Оларға ай сайын 2 млрд 85 млн теңге мемлекеттік жәрдемақы төленіп отыр.

Жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, жақын күндері 40 жас отбасына пәтер кілттері табысталады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектептің құрылысы жоспарланған, 10-ы биыл пайдалануға беріледі. Жас ұрпақты сапалы білім, саламатты өмір салтына қалыптастыру бағытында физика-математика мектеп-интернаты, музыкалық колледж ғимараты, Шығармашылық академиясы, 10 мың орындық стадион, үстел теннисі орталығы, сондай-ақ, 7 ауданда «Руханият орталықтары» салынуда.

Аймақ басшысы отбасы құндылығын нығайтып, жас ұрпақтың бақытты болашағын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың әлі де үздіксіз әрі қарқынды түрде жүргізілетінін айтты.

«Мерейлі отбасы» байқауының жүлделі ІІІ орын иегері – Сырдария ауданынан қатысқан Есекеевтер отбасы. Әулеттің шуағы, балалардың анасы Бағдагүл Есекеева 1942 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. 1961 жылы Әкімсал Есекейұлымен отбасын құрып, сол уақыттан бастап ауыл шаруашылығы саласында 40 жыл еңбек еткен. Екі мәрте С.Сейфуллин ауылдық кеңес депутаты болып сайланған. Бүгінде ауылдық клуб жанынан құрылған «Жан шуағы» әжелер ансамблінің белді мүшесі. «Алтын алқа», Кеңес одағының Батыр аналарға беретін «Алтын жұлдызының» иегері. Он бала тәрбиелеп-өсіріп, отыздан аса немере, екі шөбере сүйіп отырған ұлағатты ана. Жеңімпаздар қатарынан көрінген Есекеевтер отбасы 200 мың теңге иеленді.

Жүлделі ІІ орын иегері – Қызылорда қаласынан қатысқан Жарқынбековтер отбасы. Отбасының бәйтерегі Жарқынбек Әбілпейісов 1951 жылы Жаңақорған ауданы «Октябрь» совхозында дүниеге келген. Ұзақ жылдар егін шаруашылығымен айналысып, зейнетке шыққан. Ал жұбайы Тілләшбүбі Ибрагимова 1954 жылы Өзбекстан Республикасында өмірге келген. 1968 жылы Жаңақорған ауданына қоныс аударып, Жарқынбек Әбілпейісовпен шаңырақ көтереді. Отбасында он бір бала өмірге әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан 50-ден аса немере, он төрт шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Екінші орын иегеріне 300 мың теңге табысталды.

Ал І орын иегері – Жаңақорған ауданының Мырзабаевтар отбасы. Шаңырақтың тірегі Арыстанбай Мырзабаев ауыл шаруашылығымен айналысқан. Аудандық, облыстық мәслихат депутаты болған, бірнеше мәрте бүкілодақтық социалистік жарыстардың жеңімпазы, «Құрмет» дипломымен марапатталған. Еңбек ардагері Арыстанбай ата мен батыр ана Гүлбазар әжейдің өсіріп жеткізген ұрпақтары да адал еңбектің бағасын біліп, қоғамның сан саласында белсенді қызмет етіп келеді. Заман талабына сай жеке кәсіпкерлікті де игеріп отыр. Отбасындағы он екі баладан қырық жеті немере, қырыққа жуық шөбере сүйіп отырған қос қария – ұрпақтарының құрметіне бөленген қадірлі жандар. Облыстық байқауда Мырзабаевтар отбасы 400 мың теңгелік жүлдені иеленді.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде бас жүлдені иеленген Жалағаш ауданынан келген  Бектаевтар отбасына облыс әкімі 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Отанасы Сәнімкүл Әшірбекова 1982-1985 жылдары Халық депутаттары облыстық кеңесіне депутат болып сайланған. Балалары қоғамның түрлі саласында қызмет етеді. Он бір бала, қырық үш немере, 66 шөбере, екі шөпшек сүйіп отырған, елі сыйлаған мерейлі отбасы. Айта кетейік, Бектаевтар отбасы байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.

Байқауға қатысушылар арасында «Өнегелі отбасы» – Байқадамовтар (Қазалы ауданы), «Үлгілі отбасы» – Төреқожаевтар (Жаңақорған ауданы), «Ұлағатты отбасы» – Әбішбаевтар (Шиелі ауданы), «Ынтымақты отбасы» – Әбдіқалиевтер (Қармақшы ауданы), «Өнерлі отбасы» – Досмамбетовтер (Арал ауданы), «Берекелі отбасы» аталымын Жайсаңбаевтар (Қызылорда қаласы) иеленді. Сонымен қатар, қармақшылық Пірдашевтер «Еңбекқор отбасы», сырдариялық  Шербатшаевтар «Жігерлі отбасы», аралдық Шалбаевтар «Кемел отбасы», шиелілік Мырзабаевтар «Шуақты отбасы», қазалылық Шәкішевтер «Бәйтерек отбасы», ал жалағаштық  Әзмахановтарға «Мәуелі отбасы» аталымы табысталды. Салтанатты кеш мерейлі отбасылардың құрметіне арналған мерекелік концертке ұласты.

Айта кетейік, биыл оныншы рет өткізіліп отырған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жалпыұлттық, республикалық шараға айналып үлгерді. Біздің аймақта да ұрпақтар сабақтастығының тінін бұзбай, алтын арқауын жалғап келе жатқан шаңырақтар аз емес. Соның дәлелі, осы уақытқа дейін «Мерейлі отбасы» байқауына облыстан 2500-ге жуық отбасы қатысқан. Бүгінде байқауға қатысуға ниет білдіргендердің белсенділігі жөнінде Қызылорда облысы республикада алдыңғы қатарда тұрақтаған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<