Мерейлі отбасылар мен көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді

1078

0

15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай аудан әкімі А.Есжанов «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарымен және көпбалалы аналармен кездесу өткізді.

Аудан әкімі елімізде отбасы құндылықтары мен қазақ үшін қашан да киелі саналатын бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттауда орны ерекше тағылымды шара – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы екенін жеткізді.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастау алған бұл байқауға аудан бойынша 73 отбасы өтінім беріп, облыстық кезеңге 22-сі жолдама алды.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 2016 жылы Мәдениет ауылынан Мұстафаевтар отбасы І орын, Жалағаш кентінен Сүлейменовтер отбасы ІІ орын, 2017 жылы Аққыр ауылынан Ғаниевтар отбасы І дәрежелі дипломмен марапатталып, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Астана қаласында өткізілетін республикалық кезеңіне жолдама алса, Бұқарбай батыр ауылынан Нұрмағанбетовтер отбасы ІІІ орын иеленді. 2018 жылы Мәдениет ауылынан Тоқсановтар отбасы ІІ орын, 2019 жылы Бұқарбай батыр ауылынан Сәменовтер отбасы «Парасатты отбасы» номинациясымен, 2021 жылы Аққұм ауылынан Шуақбаевтар отбасы ІІІ орын, 2022 жылы Аққыр ауылынан Маштаевтар отбасы ІІІ орын, Еңбек ауылынан Бекниязовтар отбасы «Берекелі отбасы» номинациясымен және арнайы жүлде қорымен марапатталды.

Өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі өнеге болып жүрген «Алтын құрсақты» аналар қауымына аудан басшысы А. Есжанов алғысын білдірді.

Бүгінде ауданымызда 1375 көп балалы отбасылар есепте тұрады. Көпбалалы ана, наградталғандар саны – 982. Оның ішінде 44 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталса, 40-ы Кеңестер Одағының «Батыр ана» атағына ие болған аналар, 297-сі – «Алтын алқа», 601-і «Күміс алқа» иегерлері.

2022 жылдың 9 ай қорытындысымен көпбалалы наградталған аналарға 179,2 млн теңге, көпбалалы отбасыларға 669,2 млн теңге мемлекеттік жәрдемақы төленген.

– «Бұл ауданымыздағы барлық аналарға көрсетілген көмек деп есептеймін. Жылдан-жылға еліміздің демографиясына өз үлесін қосатын отбасыларымыздың саны көп болсын деп тілейміз.

Сонымен қатар, біздің аналарымыз мен арулар тек отбасының ғана ұйытқысы емес, олар бүкіл қоғамды алға сүйрейтін, елдің бірлігін күшейтетін, берекесін молайтатын аса қуатты қозғаушы күш» – деді аудан әкімі.

Кездесу барысында бірнеше көпбалалы аналарға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары табысталып, аудан әкімі «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын құттықтады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<