Мерейтойын тойлады

512

0

Аймақтың 85 жылдығы және Қала күні мерекесі аясында шаһар іргесінде орналасқан Ж.Махамбетов ауылының 95 жылдық мерейтойы тойлануда.

Ауылдың орталық алаңына ақ шаңқан үйлер тігіліп, жырау жырлап, қазақ күресі, қой көтеру, арқан тартыс т.б. ұлттық спорт түрлерінен елімізге белгілі сайыпқыран спортшылар бақ сынасқан думанға келушілердің қарасы қалың.

Ауыл төсін дүбірге бөлеген мәдени-көпшілік шараларға арнайы қатысқан қала әкімі Асылбек Шаменов тұрғындарды қабат келген мерейтойлармен құттықтады.

«Дария бойына қоныстанған жерінің түгі май, құтты топырақ Жақыпбек Махамбетов ауылы кезінде көкөніс және сүт өндіріп, бидай, күріш, көкөніс, жоңышқа егу және мал шаруашылығымен айналысуға таптырмас өңір саналды. 1997 жылдан бері Қызылорда қаласының құрамына енген өнегелі ауыл соңғы 5 жылдықта бір жарым есеге ұлғайып, өрісі кеңейді.

Бүгінде аймақ басшысының қолдауымен елді мекенді көркейту, ауылда сапалы тұрмыс жағдайын жасауды көздейтін түрлі жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Аталған игі істердің бірі де бірегейі – биыл округке газ желісі тартылып, тұрғындар көгілдір отынға қосылды. Құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба баршамызға үлкен қуаныш сыйлады.

Береке-бірлігі, тату тірлігімен аймақтың өзге өңірлеріне үлгі болып отырған Жақыпбек Махамбетов ауылында республикалық, облыстық және қалалық бюджет есебінен 971,9 млн. теңгенің жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы да ауылда құны 2 млрд. 400 млн. теңгені құрайтын ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр», – деген шаһар басшысы ауылдағы өзге де өркенді істерді тілге тиек етті.

Жуырда ғана ауылда «Samruk-Kazyna» демеушілігімен 240 млн. теңгеге спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Ел ішінде кәсіпкері көп ауыл саналатын іргелі мекеннің бүгіні мен болашағына бей-жай қарамаған азаматтары демеушілік жасап, орталық алаңды абаттандырып, көркейту-көгалдандыру шараларына үлесін қосты. ​Бұл Сыр жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің, аймақ басшысының тұрақты қолдауының, жерлестеріміздің бізге артқан сенімінің арқасы, бірлесе атқарған еңбегіміздің жемісі. Осы ретте ауылдың ауызбіршілігіне сызат түспеуіне тілекші ақсақалдарымызға, барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін» деді, қала әкімі Асылбек Шаменов.

Содан соң өңір дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпкерлер мен әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері және жыраулар фестиваліне қатысқан жыршылар қала әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.

Думанды шара эстрада жұлдызы Әбдіжаппар Әліқожа мен жергілікті таланттардың концертіне ұласып, ауыл тұрғындары керемет көңіл-күй сыйлауда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<