Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жаңақорған, Шиелі аудандарында болды. Онда халықтың игілігі үшін салынған әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Жаңақорған ауданына қарасты екі бірдей ауылда спорт кешендері ашылса, Шиеліде ауданаралық аурухана өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, күн энергиясынан қуат алатын «Baikonur Solar» электр станциясы ашылды.
Спорт кешені – ел даңқының бастау мекені
Жаңақорған ауданына қарасты Қожакент ауылының тұрғындары мәре-сәре. Себебі, бұған дейін елдегі спортсүйер жеткіншектер білім ошағында дайындалатын. Бұл мәселеге кәсіпкерлер де араласты. Талабы таудай жастардың ынта-ықыласына риза болып, жергілікті кәсіпкер Изатулла Үсенов демеушілік жасады. Нәтижесінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында Қожакент ауылындағы спортсүйер қауым үшін арнайы спорттық-сауықтыру кешенін ашып отырмыз. Сыр өңірінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүздеген маңызды әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне берілуде. Осындай серпінді жобалар Жаңақорған ауданында да жүзеге асырылып келеді. Жылдың басында Сүттіқұдық ауылдық округінде бой көтерген спорт нысандары осыған дәлел. Міне, бүгін Қожакент ауылында да заманауи талаптарға сай спорт кешені ашылды. Спортқа жаны құмар жас ұрпақты қуанышқа бөлеп, 13 тұрғынды жұмыспен қамтып, 300-ден астам жасөспірімге волейбол, бокс, ауыр атлетика, белбеу күресі, қазақ күрестерінен тәлім-тәрбие беретін, еліміздің жігерлі жастарын дайындайтын жаңа спорт кешені құтты болсын, – деді облыс әкімі.
Қожакентте спорт саласы жолға қойылған. Ауыр атлетика, күрес тәрізді спорт түрлерінен жасөспірімдер арасында ел чемпиондары шыққан. Бір ғана ауыр атлетиканың өзінде 30 бала шынығып келеді. Зілтемір көтеруден Мейрамбек Әбдіхалықов, Ғазиза Сәрсенбек, Гүлдана Мұхамедияр секілді жасөспірімдер топ жарып жүр. Елді мекендегі №184 орта мектептің 6-сынып оқушысы Гүлдана Мұхамедияр жаңа кешенде жаттығатынына қуанышты.
– Біз бұрын тар залда жаттығатынбыз. Сонда да намысқа тырыстық. Шардарада өткен республикалық турнирде ІІ орын алдым. Енді мынадай заманауи үлгіде жағдай жасалған соң жетістіктерімізді еселейміз. Әрине, ол үшін тынымсыз еңбек керек. Мен алдыма таяу арада Қазақстан чемпионы боламын деген мақсат қойдым. Енді сол мақсатқа жетуге аз қалған сияқты, – дейді ол.
Арман-мақсатын спортпен байланыстырған Гүлдана сынды жастарды мұнда Асылқожа Сағатов тәрбиелейді. Бұрын қанша қиындықпен келетін жеңіс енді қолда деп отыр ол.
– Жасыратыны жоқ, бұрын жағдайымыз болмады. Бар болғаны бір-екі құрал-жабдықпен дайындалдық. Мұнда өздеріңіз көріп отырғандай, тренажерлардың өзі кісі қызығарлықтай. Гантельдер, жүгіру жолағы секілді қажетті құралдарға қолымыз жетті. Енді кең залда дайындаламыз, – дейді жаттықтырушы.
Мұндай спорттық кешен Сунақата ауылдық округінде де ашылды. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Олжас Акимов ауылдық жерлердегі саланың дамуы қуантатынын жеткізді.
– Ауылдарда мұндай спорт нысандары жиілеп салынуда. Бұл бұқаралық спорттың дамуына зор әсерін тигізеді. Мүмкіндік жоғары. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында осыған дейін 16 спорт кешені салынды. Бүгін тағы екеуін пайдалануға беріп отырмыз. Республикада «Ең үздік спорттық өңір» атандық. Алда – Олимпиада жылы. Біз оған сақадай сай болуымыз керек, – деді басқарма басшысы.
Жаңа нысандардың іске қосылуы ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, жастарды спортқа баулуда, жалпы бұқаралық спорттың дамуында ерекше маңызға ие.
Денсаулық –
басты байлық
Шиелі халқы енді жаңа ғимаратта ем алатын болады. Аудан орталығынан 150 орындық аурухана пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Қ.Ысқақов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі О.Әбішев қатысты.
Аурухана құрылысы 2017 жылдың желтоқсанында басталған. Құны – 5 млрд 5 млн теңге. Жаңа нысанда медициналық қызметтің барлық түрі көрсетіледі деп күтілуде. Емдеу мекемесі қолданыста бұрын да болған, бірақ, қызметі бірнеше есе жетілдірілген лапроскопиялық ота жасайтын видеостойка, жаңа туған нәрестеден бастап ересектерге дейін қолдануға болатын жасанды желдендіру аппараттары, шала туған нәрестелерді бірқалыпты жылуда ұстап тұратын кювездер, ауыр жағдайдағы науқастардың жатуына ыңғайлы автоматты түрде көтеріліп-түсетін функционалды кереуеттерден өзге жаңа техникалық жабдықтармен қамтылған.
Аймақ басшысы аудан халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, денсаулық саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Айта кетейік, облыс әлеуметтік салаға қаржы бөлуден аймақтар арасында көш бастап тұр.
– Әлеуметтік саладағы ең маңызды бағыт – денсаулық сақтау қызметінің сапасы мен оның қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан, халықтың медициналық қызметке берген бағасын тұтастай мемлекетке, яғни билікке берілген баға деп қабылдау керек. Мемлекет басшысы «Ақылды қалалар», цифрлық активтер құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу, цифрлық қызметтердің жаһандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс деп тапсырды. Осы орайда, аймақтағы медициналық орталықтар цифрлық қызмет көрсету жұмысына көшті. Баршаңызды азаматтарымыздың денсаулығын жақсартып, қуаныш сыйлау үшін беріліп отырған жаңа аурухананың ашылуымен құттықтаймын, – деді облыс әкімі.
Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында ауданаралық аурухананың жаңа ғимаратына құны 2 млрд 226 млн теңге болатын құрал-жабдықтар берілген.
– Бұл – ең алдымен Мемлекет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен іске асқан жоба. 2025 жылға дейін облыс орталығында ғана емес, аудан мен елді мекендерде де жаңа ауруханалардың құрылысын жүргізу жоспарда бар. Өздеріңізге белгілі, келер жылдан бастап үлкен жоба іске асады. Ол – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Ем алу, қымбат дәрі-дәрмек 2020 жылдан бастап қолжетімді болмақ. Бұл – азаматтарға мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау, – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі О.Әбішев.
Күн электр станциясы іске қосылды
Шиелі ауданына қарасты 14-бекеттен бой көтерген «Baikonur Solar» күн электр станциясы 150 гектар жерге орналасқан. 23 млрд теңгеге бағаланған жоба тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жемісін бере бастады. Күн көзінен қуат алатын электр станциясы сағатына 50 мВт-ға дейін жарық беруге әлеуетті. Станцияның іске қосылу сәтінде аймақ басшысы аталған жобаның тиімділігіне тоқталды.
– Электр станциясының іске қосылуы еліміздегі жаңартылған энергия көздерінің үлесін арттыру, «жасыл» экономикаға көшу бағытында жасалған зор қадам деп білу керек. Ендеше, болашақта аймақ тұрғындары баламалы энергия көздерін тұтыну деңгейін одан әрі дамыта беретініне сенімдімін, –деді облыс әкімі.
Күн электр станциясы – экологиялық тұрғыда таза, дыбыссыз, қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы және өз құнын толық ақтайтын тиімді қондырғы. Ал артықшылығы – алынатын энергия көзінің қалыпқа келе алатынында және белгілі бір шектеулі ресурсқа тәуелді емес. «Baikonur Solar» ЖШС бас директоры Артур Галямов алда айқын мақсат бар екенін жеткізді.
– Бұл электр станциясының іске қосылуы тарифке айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Әйткенмен, өңірде электр энергиясының тапшылығын жояды. Ал жоба аясында 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бір айта кетерлігі, мұндағы жабдықтардың көпшілігі отандық өндірістен алынған, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Суреттерді түсірген Б.Есжанов.
Дәулет ҚЫРДАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<