Мереке қарсаңындағы көл-көсір қуаныш

1139

0

Сырдария – облыс орталығына ең жақын орналасқан аудан. 38 мыңнан астам халқы бар ауданның негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Мал бағып, егін егеді. Басты дақыл – күріш өндіруде ірі шаруашылық құрылымдары жетерлік. Ең қуаныштысы – биыл Тереңөзек кентіне газ тартылып, тұрғындардың 70 проценті «көгілдір отынның» игілігін көруде.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанның  жұмысымен танысты. Аймақ басшысы алдымен Ақжарма ауылындағы жаңадан іске қосылған күріш ақтау зауытында болды.

Аудандағы ірі шаруашылықтың бірі саналатын «Ақжарма-2» шаруа  қожалығы күріш ақтау зауытына 50 млн теңге қаржы жұмсаған. Өндіріс орны тәулігіне 50 тонна күріш ақтауға қауқарлы. 10 адам жұмыс істейтін зауытта күріштің «Янтарь», «Сыр сұлуы», «Лидер» сортының өнімі шығарылуда.

Мереке қарсаңындағы көл-көсір қуаныш

– Шаруашылықтың басты саласы – егін егу. Қосымша мал өсіреміз. Көктемде 2030 гектар күріш ектік. Нәтижесінде гектарына 60 центнерден өнім жинадық.  Бұған қоса бидай мен жоңышқа да бар. Мал азығы ретінде жұмысшыларға жеңілдетілген бағамен сатылып, әлеуметтік көмек есебінде де тараттық. Өздеріңіз куә болғандай, жаңа зауыттан нарық сұранысына сай ақ күріш шығарамыз. Ал тазартылған күріштің қалдығынан жем дайындалады, яғни зауыт қалдықсыз өнім шығарады, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Шәкизамен Айтанов.

Айта кету керек, шаруашылық жақында ғана жыл қорытындысымен ең үздік екі бригадирге көлік мінгізіпті. Ал озат жұмысшыларға тұрмысқа қажетті техникалық заттар мен үй жиһаздары сыйға берілген.

Төрағаның айтуынша, 2017 жылы 7 млн теңгеге 10 гектар алма бағы егілген. 3500 түп алма ағашы бар бақта 5 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта шаруашылық тәулігіне 500 литр сүт өңдейтін зауыт салмақ. Соған орай қожалықтағы сиырдың санын көбейтуде. Сондай-ақ ауыл ішінде көкөніс сақтау қоймасы мен жылыжай салу жоспарланып отыр.

Сырдария сапарында облыс әкімі Тереңөзек кентіндегі 2 пәтерлік 5 үйдің кілтін тапсырып, баспанаға қол жеткізген отбасылар қуанышын бөлісті. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған үйлер әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға беріліп отыр.

Мереке қарсаңындағы көл-көсір қуаныш

– Жыл сайын өңірімізде түрлі нысандар бой көтеріп, көркейіп-көріктене түсуде. Халықты тұрғын үймен қамту да – жолға қойылған жақсы істердің бірі. Бүгін 710 шаршы метрді құрайтын 2 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Жыл соңына дейін тағы да 63 отбасы жаңа баспанаға ие болады деп жоспарлап отырмыз.

Әр отбасына береке-бірлік, амандық тілеймін. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! – деп аймақ басшысы баспаналы болған отбасыларды құттықтады.

Биыл республикалық бюджеттен қажетті қаржы қаралып, 30 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда.  Жыл соңына дейін 11 елді мекенде 33 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға берілмек.

– Ең қастерлі мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында баспаналы болып, қуанышқа кенелдік. Өзім көпбалалы анамын. Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен қол жеткізген жаңа шаңырағымызда құт-береке болсын деп тілеймін. Қуанышымызды бөлісе келген облыс әкіміне, ел ағаларына аналық алғысымды білдіремін. Мереке құтты болсын! – деп 7 баланың анасы Гүлжазира Ерденова ақжарма тілегін жеткізді.

Мұнан соң, облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өткен орталық стадионға барды. Спортшылармен кездесіп, пікір алмасты. Әрі қарай «Аққұм Жер» ЖШС-нің құрама жем шығаратын зауыт жұмысымен танысты. Мұнда күніне 60 тонна жем өндіріледі.

– Жобаны биыл қолға алдық. Құрама жем шығаруға ресейлік жабдықтарды әкелдік. Құны 60 млн теңге тұратын зауытта 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал өнім сапасына келсек, тоғыз түрлі, яғни жүгері, бидай, күріш ұнтағы, күрмек, күнжара, арпа, тұз, тағы басқа қоспалардан дайындалатын жем құрамында төрт түлікке қажетті дәруменнің барлығы бар. Қазіргі уақытта серіктестік тек егін егумен айналысады. Ал алдағы жылы атакәсіп – мал шаруашылығын да игеру жоспарда, – дейді шаруашылық төрағасы Алматбек Алдоңғаров.

Облыс әкімі биыл шаруаларға түскен ауыртпалықты тілге тиек етіп, осы тектес тиімді әрі маңызды жобаларды көбейту қажет екенін алға тартты.

Сәл артқа шегініс жасасақ. Тәуелсіз ел атанғаннан бері Сырдария ауданында 72 нысан салынған. Олардың қатарында білім ошақтары, мәдениет үйлері мен спорт кешендері, балабақша мен емхана бар. Сонымен қатар аудан бойынша көпірлер мен әкімшілік ғимараттар пайдалануға берілді. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен биыл Тереңөзек кенті мен елді мекендерде ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Ерекше айтар жаңалық, Сырдария – облыс бойынша ауызсу мәселесі толық шешілген аудан ретінде көш басында тұр. Мұнда кейінгі үш жылда құрылыс та қарқынды. Соның нәтижесінде баспана мәселесі өз шешімін тауып келеді.

Әлеуметтік салада жаңалық жетерлік. Апатты жағдайдағы мектеп мәселесі толық шешілген. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту толықтай орындалды. Сондай-ақ халық денсаулығын жақсартуда заманауи медициналық құралдармен жабдықталған емхана мен аурухана келушілерге сапалы қызмет көрсетуде.

Жоғарыда Тереңөзек кентіне газ берілгенін, тұрғындар қуанышын сөз еткенбіз. Енді елді мекендерді газдандыру бойынша Шаған, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов, Қалжан ахун ауылдарына газ тарту жұмыстарының жобалық құжаттары дайындалып жатыр.

Ауданда биыл 33220 гектар алқапқа түрлі дақылдар егілген. 134 мың тонна күріш жиналыпты. Осылайша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 20 млрд теңгені құраған.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<