Мерекеде мерейі асқан

155

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген қыз-келіншектерге мемлекеттік награда табыстағанынан оқырман хабардар. Олардың арасында облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығы ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Алтынай Орынбаева «Шапағат» медалімен марапатталған болатын.

Елорда төрінен оралған Алтынайға хабарласып, құттықтадық.

– Биылғы көктем мен үшін ерекше сүйіншісімен келді. Иә, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Ақорда төрінде «Шапағат» медалін алу бұйырды. Бұл – өзім қызмет ететін жұмысымның оң нәтижесі, тәтті жемісі.

Мемлекеттік тілді дамыту – ұлт болашағына салынған инвестиция. Осы жолда еңбек етіп жүрген мамандардың, оның ішінде үздік оқытушылардың еңбегін бағалап, оларға қолдау көрсету – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Президенттің тіл саясатына қатысты ұстанымы, қазақ тілінің ұлт бірлігінің факторы ретіндегі рөліне басымдық беруі сала мамандарына зор сенім мен жауапкершілік жүктейді. Сондай-ақ бұл марапат жас буынның жұмысын алға қарай дамытуына үлкен серпін береді және әр істе табандылық көрсетуге жетелейді, – дейді марапат иесі.

Білім беру мен мемлекеттік тілді дамыту ісіне айрықша үлес қосып жүрген Алтынай Орынбаева Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетін филолог мамандығы бойынша бітірген. Филология ғылымдарының магистрі.

Еңбек жолын өзі бітірген оқу орнында радио жаңалықтарының жүргізушісінен бастаған. Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің жоғары колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы, облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы, ал 2023 жылдан осы орталықтың ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.

«Этнос өкілдеріне мемлекеттік және ана тілдерін үйрету: Әдіс. Тәжірибе» атты жинаққа авторлық сабақтары, «Intelligence.kz» республикалық ақпараттық, ғылыми-педагогикалық журналына «Тобық Жармағамбетов шығармаларының көркемдік ерекшелігі» атты мақаласы жарияланған. Сондай-ақ ол электронды оқулықтың авторлық құқық иегері. Мұғалімдер арасында өткен «Үздік жас маман-2022» байқауынан жүлделі І орын, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық «Үздік оқытушы-2022» байқауының бас жүлде иегері.

Жерлесімізді марапатымен құттықтай отырып, қызметіне табыс, отбасына амандық, еңбегіне жеміс тілейміз!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<