Мерекеде тыным таппайтындар

151

0

Сурет ашық дереккөзден

Мереке күндері тынымсыз қызмет жасайтын мекемелер барын біле жүргеніміз абзал. Өйткені олар өзгелер секілді бейқам жүрмейді, әдеттегіден күшейтілген режимде жұмысқа кіріседі. Сондай мекеменің бірі – облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Жалпы департаменттің жауынгерлік есебінде 186 қызметкер, 55 бірлік техника, 2 тікұшақ пен 2 қайық және кинологиялық есеп қызмет бар. 

Облыстық ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығы өрт байланы­сының орталық пункт бастығы Нұр­бо­лат Қия­товтың айтуынша, құры­лым­дық бөлімдерге 16 қоңырау түссе, оның ішінде 4-еуі тех­ногенді сипаттағы тө­тенше жағдай. Сон­дай-ақ бұл мекемеге есігі құлыпталып қал­ған пәтер иелері де жиі хабарласады. Мереке күндері 8 адам құлыптанған пәтер­ден құтқарылған. Облыс және аудан орта­лықтарында ор­наласқан Жаңа жылдық шыр­шаларға кезекшілік ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде ешқандай оқыс оқиға тір­келмеген.

Облыс әкімі аппаратының  жедел әрекет ету орталығы да 24/7 режимде жұмыс істеді. Бұл орталықтың екі функциясы бар. Оның бірі – «109» бірыңғай кезекшілік байланыс орталығы болса, екіншісі – «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі. Осы қыз­мет түр­лері бойынша барлығы 64 оператор жұмыс істеген. «112»-ге түскен 1451 хабарламаның ішінде өрт сөндіруге қа­тысты 5, төтенше жағдай бойынша 13, жедел жәрдем 18, құқық қорғау сипаты бойынша 56, басқа да хабарлама түскен. «109» бірыңғай нөміріне барлығы 1675 өтінім келсе, оның  96,5% орындалған. Об­лыс тұрғындарының кө­бі электрмен жаб­дық­тауға, су жүйе­сіне, табиғи газға, көше жарығына, жылу жүйесі мен қала таза­лы­ғына және қоғам­дық көлікке қатысты өтінім берген.

Жай күндердің өзінде қызу тірші­лікте жүретін дәрігерлер жұмысы мерекеде еселене түседі. Облыс бойынша барлығы 79 жедел жәрдем тобы жұмыс жасады. 458 дәрігер кезекшілікте болса, 1468 орта буын, 369 кіші медицина қызметкері мерекеде демалыс таппады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Жаңыл Әбубәкірованың айтуынша, қазан айынан бастап шақыртудың көбеюіне байланысты тағы қосымша 5 жедел жәрдем тобы  қарбалас сәтте көмекке жегілген. «103» желісіне 6588 шақырту түскен.

Бір қуа­ныштысы, жаңа жылда 68 сәби дүние есігін ашыпты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<