Елдегі нарықтық экономиканың дамуында жол қатынасының маңыздылығы, соның ішінде автокөлік жолдарының алатын рөлі зор. Экономиканың күре тамыры саналатын жол құрылысы республикада, оның ішінде облыста жыл сайын қарқынды жүруде. Соның бірі – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде Сырдария бойындағы «Тәуелсіздік» даңғылына жалғасқан көшенің ашылуы. Жаңа магистральды жолды салушы облысқа белгілі құрылыс мекемесі «Қыран» ЖШС.
Аталған шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен бірқатар ел азаматтары қатысты. Аймақ басшысы қала тұрғындарын жаңа жолдың ашылуымен құттықтап, тілегін арнады.
Жағалауға әр берген жаңа жол
– Адам мен адамды бауырластырып, ел мен елді жақындастыратын жолдың жайы қай кезеңде де халық үшін маңызы аса зор. Бүгінгі күні қаламыз қарқынды дамып, аумағы кеңейіп, халқының саны артып келеді. Жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, зәулім ғимараттар салынуда. Осы ретте тұрғындар үшін жүріп-тұруға қолайлы жағдай жасау, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – алдымыздағы басты міндеттердің бірі. Шын мәнінде, жол қатынасы – бұл ең үлкен өмірлік қажеттілік деуге болады. Ендеше, жол құрылысын жүргізген мамандарға алғыс айтамыз, оның игілігін ел көруді нәсіп етсін, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысынан соң сөз кезегін алған қоғам қайраткері, еңбек ардагері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов Сырдарияның жағалауын бойлай салынған «Тәуелсіздік» даңғылының жалғасы жаңа мүмкіндіктер өзегі екенін айтты.
– Кейінгі уақытта халық тұрмысына әсер ететін жақсы жұмыстар атқарылып жатыр. Мұны тұрғындар да ризашылықпен қабылдауда. Жалғыз жол салу ғана емес, әлеуметтік жағдайды жақсартудағы оң бастамаларға куә болып келеміз. Бұл – үлкен жетістік. Елдің дамуына, өркендеуіне әсер ететін жаңа толқынның осындай жұмыстарын көре отырып, болашаққа үлкен сеніммен қарауға әбден болады, – деді Ж.Шәріпов.
Жаңа жолдың ұзындығы 4,6 шақырым. Мамандардың айтуынша, осы арқылы облыс орталығындағы жол-көлік инфрақұрылымы жақсармақ. Жаңа нысанның лентасын салтанатты түрде кесу рәсімінен кейін Мемлекеттік тумен көмкерілген 30 автокөлік патриоттық автошеру өткізді.
Айта кетейік, биыл облыста көлік жолдарын дамытуға 20 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді деп жоспарланған. Бұл қаржы ұзындығы 342 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен көпір өткелдері және көшелерді жөндеуге бағытталмақ. Нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 82 процентке жетеді.
Қуанса, бала қуансын
Мұнан соң облыс әкімі Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бақ Орданың бақытты балалары» атты мерекелік шараға қатысты. Орталық стадионда өткен салтанатты шарада түрлі деңгейдегі қойылым қойылып, балалар қолынан шыққан қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылған. Сондай-ақ Нұрлыбек Машбекұлы Оқушылар үйінен ашылған арнайы студияда журналистикаға машықтанып жүрген балалармен сұхбаттасып, сұрақтарға жауап берді.
Барша сырбойылық балаларды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
– Бүгін – балалар үшін естен кетпес керемет мереке. Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз ел болашағы – білікті де білімді ұрпақ қалыптастыруда барлық мүмкіндіктерге жол ашамыз. Биыл әлеуметтік қолдауды қажет ететін 500 балаға спорт кешендеріне тегін абонемент берілді. Жазғы маусымда 1 мен 10 сынып аралығындағы оқушылардың 97 проценті әртүрлі сауықтыру, үйірме, экскурсиямен қамтылатын болады. Ал «Балалар жылына» тарту ретінде биыл демеушілер есебінен қаламызда 1 млрд теңгеге 50-ге тарта, одан бөлек, аудандарда 30-дан астам спорттық ойын алаңдары пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес 400-ден аса ірі көлемді шара өткізіліп, онда 165 мыңнан астам бала қамтылатын болады, – деді облыс басшысы.
Мерекенің негізгі бөлігі балаларға сыйлықтарды үлестірумен жалғасты. Облыс басшысы халықаралық білім додаларында топ жарған он оқушыға ноутбук сыйлап, әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан, үздік оқитын 20 балаға Көкшетеу қаласындағы «Балдәурен» лагеріне тегін жолдама сыйлады. Оған қосымша кәсіпкерлердің демеушілігімен 100 балаға велосипед тарту етті.
Шара соңы танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға жалғасты.
Көпбалалы отбасыларға баспана кілті берілді
Облыс орталығында жыл сайын жаңа үйлер көбейіп, шағын аудан саны артуда. Мыңдаған тұрғын пәтерге ие болып, қуанышқа кенеліп келеді. Осындай игі істің жалғасы әрі «Балалар жылы» аясында көпбалалы аналарға жаңа баспананың кілті табысталды. Жаңа тұрғын үй Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан. «Дәнекер» ЖШС тұрғызған бесқабатты үй 50 пәтерден тұрады. Қоныс той қуанышына арнайы келген облыс басшысы аналар мен балаларды құттықтап, өз лебізін білдірді. Пәтер кілтін табыстап, кішкентайларға мереке аясында ойыншық тарту етті.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін атап өткені белгілі. Соған сай өңірде тұрғын үй құрылысына басымдық беріліп, баспана мәселесін шешу батыл қадамның біріне айналды. Міне, бүгін «Балалар жылы» аясында жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, көпбалалы отбасылардың қуанышына ортақтасып отырмыз. Балаларымыз жаңа үйге шаттана кіріп, ішін бақытқа толтырсын деп тілеймін. Қоныс тойларыңыз құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысы көпбалалы отбасы Сейтжаппаровтар әулетіне арнайы барып, жаңа қонысқа береке тіледі.
Ал тілшілермен тілдескен көпбалалы ананың бірі Гүлнұр Шәйкенова барлық балаларды мерекемен құттықтап, баспаналы болудағы өз қуанышымен бөлісті.
– Үй кезегінде тұрып, осы уақыт қашан болады деп армандағанымыз рас. Балалардың қуанышты мерекесінде баспаналы болып, бақытты күй кешіп отырмын. Біздегі осындай шаттық басқа да отбасыларға жұғысты болса деймін. Өзім алты баланы дүниеге әкелдім. Үлкенім 9-шы класты бітіріп, колледжге талаптанып отыр. Кішкентайым 4 жаста. Осы кезге дейін «Шанхай» ауданындағы жалдамалы пәтерде тұрып келгенбіз. Ел азаматтарына, облыс басшылығына аналық алғыс айтамын, – деді ол.
Айта кетейік, Сыр өңірінде кейінгі 30 жылда 8 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1294 пәтерді құрайтын 31 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында 1244 пәтерлі 30 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Ержан Қожасов,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<