Кеше кешкілік Қызылордада облыстың 85 жылдығы мен Қала күніне арналған бір айға созылатын іс-шаралар легі «Жастар карнавалымен» басталды.
Теміржол вокзалынан бастау алған карнавалға жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. Қызылды-жасылды киім киген жастар «Достық үйіне» дейін ән шырқап, би билеп, думандатып келді. Туған қаласын мерекемен құттықтаған қыз-жігіттер Ұлықбек Бекұзақұлының «Түнгі қала» әнін Бекзат Молдабергеновке қосыла шырқап, «Арайлы» ансамблімен бірге карнавал көрігін қыздырды.
Еске салайық, «Қызылорда – жастар қаласы» атты карнавал биыл екінші рет өткізіліп отыр. Осы жолы шеруді басқару М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжі студенттеріне тапсырылған.
Думанды іс-шарада ерекше костюмдерді, студенттік топтардың таныстырылымын, қатысушылардың талантын қазылар алқасы бағалады. Жеңімпаздарды қала әкімі Асылбек Шәменов құттықтап, арнайы сыйлықтар табыстады.
Қала әкімі Қызылорда қаласында Президенттің, Үкіметтің қолдауымен, аймақ басшысының бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Облыс орталығының бұдан да көрікті, заманауи, таза қалаға айналуы үшін межеленген жоспарлар әлі де жетерлік.
Жастар кеші жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасып, туған қаланың аспанында ән қалықтады.
М.МЕРЕЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<