Мерей

369

0

Жуырда Астанадан ақжолтай хабар жетті. Бас қалада өткен республикалық кеңесте біздің аймақ мейірбикелері марапатқа ие болып, абырой биігінен көрініпті. Солардың бірі – Сәнімкүл Ізмайлова.  Ол облыстық психикалық денсаулық орталығының аға мейірбикесі.

Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Өйткені, сырқат жанды ең бірінші болып күтіп алып, шығарып салатын сол. Сол себепті мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды. Одан бөлек, бүгінде орта буын медицина қызметкерлеріне қойылатын талап деңгейі де заман ағымына сай жоғарылады. Қазіргі заманауи медбике жоғары білікті, терең білімді әрі қажет болған жағдайда науқасқа психологиялық қолдау білдіре алады. Мейірбикенің әр күні науқастардың жағдайын жасап, зыр жүгірумен өтеді.

Сәнімкүл де еңбек жолын алғаш бастағаннан күні бүгінге дейін мейірбикелік істің қыр-сырын меңгеріп,  мол тәжірибе жинаған жан.

Ол 1960 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1975 жылы орта мектептің сегіз жылдығын бітірген соң Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түсті. Оны 1978 жылы бітіріп, еңбек жолын қалалық аурухананың 2-ші терапия бөлімінде мейірбике болып бастайды. Сол ауруханада жиырма бес жылдай еңбек етті. 2003 жылы облыстық психоневрологиялық ауруханасына ауысады. Қазір осы аурухананың 7-ерлер бөлімінің аға мейірбикесі қызметін атқарады.

Сәнімкүл осы жылдар аралығында мейірбикелік істің қиын да күрделі, жоғары жауапкершілікті талап ететін, сонымен бірге бойыңда адамдарға деген жанашырлық сезімнің болуын қажет ететін қызмет екенін жақсы түсінді. Бойында адами ізгілік, өз ісіне деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік болмаса, жақсы маман шықпайтынын айтады ол.

Осындай қасиеттер оны өз ортасында абыройға, құрметке бөледі. Бүгінде Сәнімкүл өзінен кейінгі жастарға білгенін айтып, мол тәжірибесімен бөлісуден жалықпайды. Жас мамандар да Сәнімкүлді әрдайым сыйлап жүреді. Оның еңбегі де ескерусіз қалған кезі жоқ. Жуырда ғана Астана қаласынан «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесінде жарқыратып тағып қайтқаны соның бір ғана дәлелі.

Сәнімкүл Оразбекқызы еңбекқор, майталман маман ғана емес, ол сонымен бірге бір отбасының үш перзент тәрбиелеп өсірген ардақты анасы, үш немеренің ақылман, сүйікті әжесі.

Адал еңбектің наны қашан да тәтті болмақ.

Айнұр БАТТАЛОВА,

 «Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<