Тоғызқұмалақ – әлемдік интеллектуалдық ойындардың озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойын, логикалық ойлау өнері. Бүгінде төл ойынды ойнаушылар қатары көбейген. Осы тамаша спорт түріндегі табыстарымен ел мерейін асырып жүрген ойыншыларымыз аймақ мақтанышына айналуда. Мәселен, сырдариялық тоғызқұмалақшылар Ақтөбе қаласында өткен республикалық біріншілікте ІV Азия чемпионатына жолдама ұтып алған болатын.
Аталған чемпионат Моңғолия мемлекетінде өтті. Дүбірлі додаға ел құрамасын бас жаттықтырушы А.Жақапбаева және бапкер Б.Елеусінов бастап барды. Сырдария ауданының тоғызқұмалақшылары Азия чемпионатында нәтижелі, үздік өнер көрсетті. 14 және 19 жасқа дейінгі ұлдар арасында тоғызқұмалақтың рапид пен блиц түрінен Дамир Ахметов айды аспанға шығарып екі бірдей алтынды жеңіп алды. 14 жасқа дейінгі ұлдар арасында тоғызқұмалақтың блиц түрінен Жантөре Аманқос, 19 жасқа дейінгі қыздар арасында Ақерке Кенжебекова алтыннан алқа тақты. Ал, Бексұлтан Бостандықов ересектер арасында күміс медальді олжалады. Сондай-ақ, 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Әсем Дәуренбек екі қола медальға ие болды.
Азия чемпионатының салтанатты жабылуына Моңғолия мемлекеті Баян-Өлгей аймағы әкімі Ғылымхан Айыпұлы және еліміздің сол мемлекеттегі елшісі Қалыбек Қобландин марапаттау рәсіміне қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Дүниежүзілік және Моңғолия тоғызқұмалақ федерациясы мен Баян-Өлгей аймақтық әкімшілігі дайындаған медаль, диплом және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жарысқа келген Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Моңғолия жаттықтырушыларына арнайы естелік медальдар берілді. Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаеваға Баян-Өлгей аймағы әкімінің «Құрмет» медалі тапсырылды. Осылайша, сырдариялық тоғызқұмалақшылар ауданның мерейлі 90 жылдығына лайықты тарту жасады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<