Бүгінде волонтерлар қызметі – әлемдегі маңызды тақырып. Себебі, тайталасы, дүрбелеңі көп дүниені әдемілік, мейірімділік ғана тұрақты ете алады. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялауы жастарға тың серпін берсе, 2020 жылдың Мемлекет басшысы Жарлығымен «Еріктілер жылы» деп танылуы қоғамда әділдік, мейірімділік, ізеттілік, қайырымдылықтың салтанат құруына ықпал етері анық. Осы бағыттағы «Мейірім акселераторы» жобасы осы жылдың 7 қазанында Алматыдан бастау алып, аз уақыттың ішінде қолдау табуда.
Мейірімділік пен адамдарға қуаныш сыйлап, қайырымдылық жасауды басты мұрат етіп ұстанған М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Мейірім» еріктілер қоғамы да осы бастаманы бірден жандандырды. Оған алғышарттары да жоқ емес.
Колледждің «Мейірім» еріктілер қоғамы 2018-2019 оқу жылынан бастап, жұмыс аясын кеңейтіп, жүйелі түрде қаладағы №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, Сәбилер үйі, «Атамекен» балалар ауылында, «Жібек жолы», «Aray City Mall» сауда орталықтарында шаралар өткізіп, тәжірибе жинақтаған болатын.
Алдағы мақсат – осы жұмыстарды ары қарай жалғастырып, Талсуаттағы балаларды оңалту орталығы бүлдіршіндері, мүмкіндігі шектеулі үйдегі балалар мен жалғызілікті қарттарға қамқорлық танытып, мейірім шуағына бөлеу.
Осы мақсатта бейсенбі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Қызылорда облыстық департаментінің бастамасымен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі базасында «Мейірім акселераторы» жобалық офисі презентациясы өтті.
Мақсаты – аймақтағы барлық оқу орындары жанынан құрылған волонтерлар қозғалысы жұмыстарын жандандырып, Волонтерлар жылында жұмыс ауқымын кеңейтіп, жобалық офис іс – қимылын үйлестіру.Ауқымды шараға «Жастар» ресурстық орталығының мамандары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, жастар ісі жөніндегі комитет жетекшілері, колледж еріктілері қатысты. Модератор – колледждің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ш.Қаратайұлы.
Презентация барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Қызылорда облыстық департаментінің басқарма басшысы Ғ.Әлімқұлова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Шынтасов, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Тәрбие және мәдени – көпшілік жұмыстарды үйлестіру бөлімінің меңгерушісі Ж.Бимұратқызы, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Т.Тілес, Текей батыр Қарпықұлы атындағы колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Байсалбаева, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенттер кеңесінің жетекшісі Күнсұлу Өтеген өз ойларын ортаға салды.
Презентацияға қатысушылар колледж еріктілері бастамасын қызу қолдап, дер кезінде қолға алынған сәтті жоба екендігіне назар аударды. Алдағы уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Қызылорда облыстық департаменті тарапынан арнайы кесте жасалып, барлық оқу орындарына «Мейірім акселераторы» жобалық офисі жоспары таныстырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады.
Шара соңында колледж директоры Бақытжан Сайлыбаев жастар тек кәсіби маман ғана емес, осындай елге пайдасы бар қоғамдық жұмыстар арқылы өмірлік ұстанымы берік тұлға болып қалыптасатындығы туралы айта келіп, қатысушыларға ризашылық білдіріп, презентацияны қорытындылады.
Қамқорлыққа мұқтаж жандарға жүректен жүрекке жетер мейірім шуағын шашып, жаны жабырқау жандарды қуанышқа бөлеу – ең ізгілікті іс дер болсақ, осы мақсатта жастар бос уақытын тиімді пайдаланып, еріктілер қатарынан табылады деген ойдамыз.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<