Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бюджет қаржысының игерілуі, «Артспорт» бағдарламасы, жол жөндеу, құрылыс жұмыстары және республикалық бағдарламалардың орындалуы бойынша жиын өткізді. Жауапты сала басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.
Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік маңызы бар нысандарды сапалы салу әрі кестеге сай мерзімінде бітіру жұмыстарын қатаң бақылауға алу, 5 наурызға дейін барлық әлеуметтік нысандағы кемшіліктерді жою міндеті жүктелді.
– Елді мекендердің тазалығы үнемі бақылауда болуы тиіс. Кейінгі 20 жылда салынған ғимараттар бойынша жауапты мекеме басшыларымен кездесіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Тазалыққа және абаттандыруға қатысты жұмыс қарқынын күшейтетін мезгіл жақындады. Қала және аудан орталықтарындағы ғимараттардың сыртын жөндеп, көгалдандыруды белсенді түрде қолға алу, апта сайын сенбіліктер ұйымдастыру керек, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі





