Миграция жағдайы тұрақты

1116

0

Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының мәліметінше, осы жылдың тоғыз айында облысқа 12463 шетел азаматы келген. Олардың 6289-ы – Ресей Федерациясының азаматтары. Көрші ел азаматтарының көптеп келуіне алаңдауға негіз жоқ. Себебі 5755 Ресей азаматы уақытша тіркелу мерзімі аяқталған соң елден шығып кеткен. Қазіргі таңда 534 адам облыс аумағында.

− Аймаққа келген 12463 шетелдік арасында әкімшілік жауапкершілікке тартылғандары да бар. ҚР Көші-қон заңнамасын бұзған 1291 шетелдік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 625 азаматтығы жоқ адамды заңсыз еңбекке тартқаны үшін 73 облыс тұрғынына әкімшілік шара көрілген. Әкімшілік жолмен 93 шетелдік республика аумағынан шығарылды. Жыл басынан бері біздің елдің азаматтығын алуға облыстан 43 шетел азаматы өтініш білдірді, − дейді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руслан Әбілқасымов.            

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес этникалық қазақтар облысқа қоныстануда. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы нысаналы топтарды әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Ләззат Шілманова айтып берді.

«Республикалық «Қандас» деректер қорының мәліметі бойынша облыс аумағына 2020 жылы 5, былтыр 34 отбасы қоныстанған. Аймаққа 2013 жылдан бастап осы жылдың 1 қарашасына дейін 382 адам қоныс аударған. Оның басым бөлігі Өзбекстаннан 336 және Қытайдан 22 адам келген. Ал биыл Сыр өңіріне жыл басынан бері 27 этникалық қазақ отбасы көшіп келіп, қандас мәртебесі берілген», −  дейді ол. 

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<