Микрокредит беру шарты өзгереді: қарызға батқан халықтың мәселесі шешіле ме?

464

0

Елімізде микрокредит беру шарттары өзгереді. Өткен жұмада осыған байланысты «Ашық НҚА» порталында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының қаулысы жарияланды.

«Микрокредит беру туралы шарт талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын бекіту туралы» қаулыға жаңа өзгерістер мен толықтырулар – қарыз алушылардың сот тәртібімен берешекті өндіріп алуға дейін микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу мүмкіндігіне құқықтарын кеңейту не коллекторлық агенттікке микрокредит бойынша құқықтарды беру мақсатында ұсынылған.

Сондай-ақ, түзету микрокредит беру туралы шарттың талаптары­на өз­герістер енгізу үшін негіздердің тіз­бесін және міндеттемені орындаудың кешіктірілу себептерін растайтын құжаттардың тізімін көздейді.

Сонымен бірге, құжатқа әскери қызметшілердің мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне негізгі борыш және сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру мәселесі де енген, яғни әскери борышын өтеген уақытта несие бойынша қарызы өспейді.

Құжатта жеке тұлға банкроттығына қатысты мәселелер де қамтылады. Банкроттық туралы заңды тиімді іске асыру мақсатында кредиторлардың микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту нысанын біріздендіру ұсынылған. Заңнаманы іске асыру тиімділігінің мониторингі үшін түзету негізінде микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымның белгіленген нысандарға сәйкес қарыз алушылардың өтініштерін қарау нәтижелері туралы ақпаратты агенттікке тоқсан сайын ұсынып отырады.

Құжат 4 тамызға дейін талқылауда болады. Жаңа қаулы микроқаржы ұйым­дарына қатысты мәселелерді шеше ала ма?

«Кредит кешірілсе» дейді

Халықтың шектен тыс кредиттелуі – қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Мемлекеттік кредит бюросы мәліметінше, өткен айда жеке тұлғаларға берілген несиенің жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеден асты. Бұл – тарихи максимум. Берілген тұтынушылық кепілсіз кредит көлемі 800 млрд теңгеден асты. Бұл да – рекорд. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бо­йынша банктердегі жеке тұлғалардың проблемалық кепілсіз тұтынушылық кредиттері бойынша жиынтық берешек 853 миллиард теңгені құраған еді. Проблемалы берешек көлемі 2023 жылғы 1 тоқсанда 6,1%-ға немесе 48 миллиард теңгеге көбейді.

Бүгінде халықты не қызық­ты­ратынын, ол үшін қандай мәселе өзекті екенін оның шағым-өтініштерінен байқауға болады. Тұтынушылардың хаттарына жасалған талдау көрсеткендей, банк және микроқаржы секторларына қатысты негізгі сұрау – қарызды кешіру болып отыр.

Тарата айтқанда, банктен қарыз алғандардың 37,4%-ы және микро­кредиттері барлардың 61,4%-ы, яғни әрбір екіншісі несиесін, бе­ре­шегін толық немесе ішінара ке­шіруді, есептен шығаруды өтінуде. Ша­ғымданушылардың тағы 28,2%-ы банктік қарыздарын, 16,8%-ы микро­кредиттерді қайта құрылым­дауды, реструктуризациялауды талап еткен.

Бұған қоса, банктер мен МҚҰ-ларға қа­тысы жоқ арыз иелерінің 17,2%-ы – коллекторлық агенттіктердің борышты кешіруден бас тартып жатқанына шағымданыпты. 16%-ы – қаржылық реттеушіден коллекторлық агенттіктерді өз берешегін қайта құрылымдауға иліктіруді сұраған.

Шамасынан тыс қарыз алып, борыш батпағына батқаны үшін азаматтарды айыптай беруге де болмайды. Баю жолына түсіп алған қаржылық ұйымдар халықты ашықтан-ашық алдауға көшті. Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарының қызметінен заем­шының борыш жүктемесінің коэффициентін қате есептеу, жасырын комиссияларын қосып жіберу, мемлекет бекіткен сыйақы ставкаларының шекті мәндерін бұзу және жылдық тиімді сыйақы ставкасын асырып жіберу, азаматтарға сыртынан жалған тұтынушылық кредиттер ресімдеу, түрлі жосықсыз әрекеттерге бару сияқты проблемаларды анықтаған.

Бұдан бөлек, несиеге қатысы жоқ қосымша өнімдерді алуға мәжбүрлеу салдарынан борышты шектен тыс арттырып жіберу, жасанды түрде тұтынушылық тәуекелдер туындату белең алған. Сақтандыру шарттарын бекітуге мәжбүрлеу, сондай-ақ тұтынушылардың мүд­делеріне сәйкес келмейтін сақ­тандыру шарттарын ұсыну – ең жиі кездесетін проблемаға айналды. Тіпті несие толық өтелгеннің өзінде сақтандыру ұйымдары төлемді кері қайтармайды.

Заңмен шектеу қойылмай отыр

Жалпы елде азаматтардың бейберекет қарыз алуы жалғасуда. Жақында ғана сенатор Ғалиасқар Сарыбаев үрейлі құбылысқа назар аудартты. Бұрын әскерде әлімжеттік жасайтында әлсіз солдаттарды соққыға жығып, оларды үйлеріне хабарласып, туыстарынан ақша алғызуға мәжбүрлейтін. Енді зорлықшылдар әлжуаз қаруластарын өз атына онлайн кредит рәсімдеуге мәжбүрлейді екен. Бір мойнына бірнеше кредит артылғандары да бар көрінеді.

– Соңғы кезде біздің қоғамда жастар, студенттер және әскери қызметшілер арасында физикалық күш қолданып, денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, төменгі курстағы білімгерлерге, әскери борышын жаңадан өтеуге келген сарбаздарға несиені мәжбүрлеп алдырту фактілері орын алуда. Терминалдар, сайттар, қосымшалар арқылы онлайн форматта кредиттер мен қарыздарды күштеп алғызу және бопсалау жолға қойылған. Мәжбүрлеп алынған несиелерге байланысты жастар арасында сабақтан, оқудан шығып кету, әскерден жалтару және тағы басқа келеңсіз жағдайлар болуда. Әсіресе, микрокредиттік және қаржы ұйымдары бір ғана құжат – жеке куәлік арқылы кез келген азаматқа төлем қабілеттілігін тексермей кредиттер мен заемдарды бере береді, – деді депутат.

Дегенмен Парламент тарапынан мұндай келеңсіздікке шектеу қою үшін заң жобасына бастамашы болып, тиісті тетігін енгізу қолға алынбай отыр. Салдарынан әскерде төтенше оқиғалар саны тек арта беруі мүмкін.

Ал бейбіт тұрғындар арасындағы ахуал одан да ауыр. Халықтың шектен тыс кредиттелуі құбылысы қызу талқылануда. Бұл тақырыпта әлеуметтік желі мен сайттарда қаржы институттарының өкілдері мен қоғам белсенділері арасында пікірталас жүруде.

Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 2021 жылы – 42 925, ал 2022 жылы 35 337 жеке және заңды тұлғадан шағым түсіпті.

Арыздардың көбісі – 64,6% немесе 22,8 мың өтініш банк секторына тиесілі. Тағы 19,8%-ы немесе 7 мыңы – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметіне қатысты. Өзге ұйымдардың, соның ішінде сақтандыру, коллекторлық және бағалы қағаздар нарығының еншісінде – 15,6% немесе 5,5 мың шағым.

Берешектің өсуіне банктер мен МҚҰ-лар кінәлі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, банктік кредиттер мен микронесиелер бойынша берешектің өсуіне ықпал етіп отырған жайттар көп. Айталық, сыйақы ставкалары өте жоғары. Банктердің тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық тиімді ставкалары мемлекет бекіткен шекті мән деңгейінде – 56% көлемінде тұр. Ал кепілсіз микрокредиттер бойынша ставкалар бұдан бірнеше есе асып түседі. 700 пайызға дейін барады. Жоғары сыйақы ставкалары банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарыз алушылар дефолтқа ұшыраған жағдайда ықтимал шығындарды өтеуге мүмкіндік береді және оларды жауапты кредиттеу саясатына ынталандырмайды.

Оған қоса, елде қысқа мерзімді кепілсіз микрокредиттерді реттеудің режимі тым либералды. 2020 жылдан бастап, заңнамалық деңгейде 45 күнге 50 АЕК-ке дейін кепілсіз микрокредиттер беру мүмкіндігі енгізілді. МҚҰ-лар олар бойынша ең жоғары ставка белгілейді. Осы тетік арқылы көбірек табыс табу үшін микроқаржы ұйымдары тіпті өз борышкерлерінің төлем қабілеттілігін бағалауды қойған. Бұл осы сегменттің және проблемалық қарыз алушылар санының өсуіне әкелді. Бұдан басқа, қарыз алушыларды тиісті сәйкестендіру, идентификациялау шаралары жүр­гізілмеген, яғни, қарыз алып тұрған адамның тұлғасын нақты анықтау жолға қойылмаған. Бұл алаяқтарға өзге адамдардың үстінен қаптатып несие рәсімдеу зұлматын туындатты. Алаяқтық схемалардың көбі әлі күнге халықты қан қақсатуда.

Проблеманың ушығуына банктер мен микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін, микрокредиттерін коллекторларға белсенді сатуы да түрткі болды. Коллекторлық агенттіктер атқарушылық іс жүргізу рәсімдері аясында проблемалық берешекті қайтаруды жүзеге асырады. Сол себепті олар қарызды реттеуге немесе қайта құрылымдауға мүдделі емес. Соған қажетті маманды штатына алып, жүйелі жұмыс жүргізгісі келмейді. Оның орнына борышкерді қудалауды, мүлкін тартып алуды жөн көреді.

Қаржылық реттеушінің мә­лімдеуінше, бұл 2021 жылғы 1 қазаннан бері заңнамалық деңгейде енгізілген, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін міндетті саналатын «борышты сотқа дейінгі реттеу тетіктерін толық пайдалануға мүмкіндік бермей тұр». Салдарынан, заңдағы «қарыз алушының қарызды қайта құрылымдау-рес­труктуризациялау туралы өтінішін кредитордың міндетті қарауы рәсімі» жайына қалды. Оны айналып өтудің түрлі соқпақ, схемалары қолданылады.

Қаржылық реттеуші банк­тер мен микроқаржы ұйымдары несиелерді клиенттің мінез-құлық ерекшеліктерін ескермей, үлестіретініне назар аударыпты. Сондықтан 2024 жылы қар­жылық қызметтерді ұсынуда «тұтынушының мінез-құлық стандарттарын енгізу» жоспарланып отыр. Оның барысында клиенттің «тәуекелдік бейіні» ескерілуге тиіс. Сонымен бірге банктер мен МҚҰ-лар несие алушыға қаржылық өнімінің барлық ерекшеліктері және оған ілесетін тәуекелдер туралы ақпаратты жан-жақты ашуы шарт. Егер клиенттің талаптарды орындай алмай қалатыны және несиені өтеуге қауқары жетпейтіні аңғарылса, қаржылық ұйым қызметкері оны қарыз алмауға үгіттегені жөн.

Сонымен қатар клиент өнімнің қажеттілігін түсінуге тиіс. Әйтпесе, елімізде несиені салмақты өмірлік мұқтаждықсыз ала салатындар жетерлік. Түрлі тойлар, қажетсіз қытайлық тауарлар және басқасы үшін алу да осы қатарда. Қызметкер қажетсіз несие алу зиян тигізуі мүмкін екенін түсіндіруі керек.

Жалпы халықтың шектен тыс кредиттелуі мәселесі осы салаға қатысты түбегейлі өзгерістерді қажет етіп отыр. Халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеу, микроқаржыландыру нарығын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту бойынша нақты шаралар қажет-ақ. Себебі, алдағы уақытта бұл проблема қазіргіден де өршуі мүмкін.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<