«Міндетіміз – егінді судан қалдырмау»

455

0

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында вегетациялық кезеңнің өту барысы мен бизнес-ахуалды жақсарту шаралары талқыланды.

Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, биыл облыс бойынша 195,9 мың гектарға егін егілгенін атап өтті. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 88,1 мың гектар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5 мың гектарға артық.

Премьер-министр дақылдарды кезекпен суаруды ұйымдастырып, қайтарымды суды пайдаға жаратуды тапсырды.

Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министр берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізді. Аймақ басшысы өткен жылы облыста суармалы су тапшылығы салдарынан қажетті су көлемі болмағанын айтты. Бірқатар қиындықтар туындағанын, бұл жағдайдың биыл да қайталануы мүмкін екенін қаперге салды.

– Бәрімізге мәлім, күріш шаруашылығы – өңір халқының бірден-бір тіршілік көзі. Ендігі міндетіміз – диқандарымыздың аптап ыстыққа қарамастан, маңдай терімен еккен егінін судан қалдырмау. Сондықтан егісті тұрақты суаруға бөлінген су лимитін ысырап етпей, барынша үнемдеп пайдалануымыз керек. Бұл мәселе бойынша бұған дейін бірнеше рет мәжіліс өткіздік және нақты тапсырмалар берілді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе  – ел экономикасының әлеуетін көтеру үшін шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беру. Облыс әкімі аймақта осы сектордың экономикадағы үлесі әлі де төмен екенін айтты. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту маңызды міндеттің біріне айналуы керек. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарына, жастарға мемлекет тарапынан ұсынылатын мүмкіндіктерді кеңінен ақпараттандыруды тапсырды.

Қызылорда қаласы және аудан әкімдері индустриялық аймақтарды сапалы жобалармен толықтыру үшін тиісті шаралар қабылдауы керек. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда облысын дамыту орталығы және «Байқоңыр» корпорациясымен бірлесіп, индустриялық аймақтардың басқарушы компаниясын құру бойынша жұмысты үйлестіру жүктелді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<