Минералдық тыңайтқыштан тапшылық болмай ма?

558

0

Сыр диқандары сәуірдің үшінші онкүндігінде күріш егуді бастап кетті. Бұл ретте қажеттіліктер қатарында минералдық тыңайтқыштың біршама бөлігі өзге елдерден келетіні бар. Қазір Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты бірқатар өңірлерде тыңайтқыш тапшылығы байқалып отыр. Мәселе облыста қалай шешілуде?

Есептеулер бойынша биылғы егінге 53 мың тонна минералдық тыңайтқыш қажет. Қазірге дейін оның 44,3 мың тоннасы жеткізілген, ол шамамен 83,8 процент. Оған қоса өңірге 12,2 мың тонна гербицид жеткізілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары жергілікті диқандар минералдық тыңайтқыш алуға ерте қамданғанын айтады. Жылма-жыл оны жеткізіп беретін мекемелер анықталады.

– Жалпы, минералдық тыңайтқыш және өзге де қажеттіліктер үшін шаруашылық басшылары жеткізіп беруші мекемемен тікелей келісім-шарт жасайды. Рас, минералдық тыңайтқыштың біршама бөлігі Ресей және өзге елдерден тасымалданады. Алайда, олардың басым бөлігі өзімізде де өндіріледі. Сондықтан биыл да күрделі мәселе кездесе қояды деп ойламаймын. Жергілікті диқандар көктемгі егінге қалыпты дайындықпен келді. Облыста күріш егу науқаны жүруде, – деді басқарманың бөлім басшысы Жүсіпбек Әжібеков.

Айта кетейік, биыл облыс диқандары 185,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Басты дақыл – күріш егісінің көлемі 78,3 мың гектарды құрайды. Дариядағы су жағдайына байланысты былтырғыдан 5,3 мың гектарға қысқарды.

Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдар көлемі артады. Атап айтқанда, малазықтық дақылдар, картоп, көкөніс, бақшалық былтырғыдан 2,7 мың гектарға артады.

Облысқа көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан арзандатылған бағамен 11,6 мың тонна дизель отыны бөлінген.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»