Министр өңір кәсіпкерлерімен кездесті

569

0

Кеше ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сыр еліне жұмыс сапары барысында облыстың бірқатар кәсіпкерлерімен кездесті. Басқосуға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және сала басшылары қатысты.

Аймақ басшысы кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, маңызды жобаларға қолдау көрсетуді сұрады.

– Биыл кәсіпкерлік саласын қаржылай қолдау мақсатында әртүрлі көздерден 12,4 млрд теңге қаржы қаралды. Қаражат халықты бірінші қажеттіліктегі тауарлармен қамтамасыз ету үшін «Өңірдің 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» шеңберінде өңдеу өнеркәсібі және өндіріске бағытталуда.

Құрметті Әлібек Сәкенұлы, негізгі шешілуі тиіс мәселелерді талқыладық.  Осыған орай, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін 310 млрд теңгеге және шикізаттық емес экспорт көлемін 150 млн АҚШ доллары көлемінде бекітілуіне ықпал жасауыңызды сұраймын, – деді облыс әкімі.

Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында жалпы құны 667 млрд теңгені құрайтын 22 ірі инвестициялық жобалар тізімі қалыптастырылды. Бұл жобалардың ішінде 19 жобаға 285 млрд теңге қаражат қажет. Аталған жобаларды қаржыландыруды Қазақстан даму банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры және Агронесие корпорациясы қарастыруда. Осыған орай, қолданыстағы заңнама аясында қаржыландыру мәселесінің жылдамдатып қаралуына және шешілуіне ықпал жасау сұралды.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында биылғы жылы 5 жобаны іске қосу жоспарланған. Сонымен бірге, «Шалқия» кен байыту фабрикасы мен кальцийленген сода зауытының құрылыстарын ІІ жартыжылдықта бастау көзделуде.

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров кәсіпкерлікті дамытуды жан-жақты және тікелей қолдауға қатысты министрлік тарапынан қабылданатын шаралар бойынша жеке тоқталып, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылып жатқанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, ұлттық жоба шеңберінде жаңа құрал – 6% мөлшерлеме бойынша кепілсіз негізде микрокредит беру енгізілді.

Биыл республика бойынша «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 127,9 млрд теңге бөлінді. 575 ауылдық елді мекенді қамтумен 1 057 жоба іске асырылатын болады. Оның ішінде Қызылорда облысына 7,9 млрд теңге бөлу арқылы 31 ауылды қамту жоспарлануда.

Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков аймақтағы өндірісті дамыту бағытындағы негізгі жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды айтып берді.

Сонымен қатар «РЗА» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Имандосов, «Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мінәжадин Өтеев, «Нұрай» серіктестігінің директоры Сейітқали Алшынбаев, «Шиелі шұжық» серіктестігінің директоры Патима Маханбет ауыл шаруашылығы саласын қолдау, сауда саласын субсидиялау және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы қызметін ұзарту, несиенің проценттік мөлшерлемесін субсидиялау бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<