Министр «Сыр медиа» серіктестігінің жұмысына оң баға берді

523

0

«Сыр медиа» серіктестігі газет басу, тарату ісінде жүйелі жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Өңірлік мерзімді басылымдар форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты.

Министр форумда өңірлік басылымдардың жай-күйін саралай келе, газетті басу, баспасөзге жазылу, оны елді мекендерге, оқырмандарға тарату ісінде Қызылорда облысындағы «Сыр медиа» серіктестігінің жұмысын өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынды.

«Сыр медиа» серіктестігі газет басу, тарату ісінде жүйелі жұмыс істеп жатыр», – деді министр.

Сонымен қатар, Дархан Қыдырәлі аймақтарда сайты жоқ басылымдар бар екенін қынжыла жеткізді. Кейбір аудандық газеттердің сайты тұрақты, жедел ақпарат таратып отырғанын атап өтті.

«Өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдардың сайттары жақсы жұмыс істейтінін көрдік.

Мен «Жаңақорған тынысы» газетін атап айтқым келеді. 7,5 мың тиражбен тарайды. Газет редакциясын сол ауданның тұрғындары асарлатып салып берген.

Сайты біздің кейбір республикалық басылымдардың сайтынан да жедел ақпарат таратады. Осыны ескере отырып, өңірлік басылымдардың сайттарын жасау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша көмектесіп, қолдау көрсететін боламыз», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан форумға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат қатысып жатыр. Олардың қатарында өңірлік медиа холдинг басшылары, бас редакторлар, журналистер бар. Екі күн бойы түрлі сессиялар, мастер класстар, талқылаулар ұйымдастырылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<