Министрлер балалар басылымына қолдау білдірді

556

0

Биылғы баспасөзге жазылу науқанына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ел астанасындағы «Қазпошта» бөлімшесіне барып, бірқатар газет-журналға жазылды. Аталған ведомство басшылары Балалар жылының қарсаңында негізінен балаларға арналған басылымдарға басымдық бергендерін айтты.

Атап айтсақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Astana aqshamy», «Вечерняя Астана», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан», «Ұлан», «Балдырған». «Дружные ребята» газет-журналдарына жазылды.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беру – мемлекеттік идеологияның басым бағыттарының бірі. Осы ретте балаларға арналған басылымдарды қолдау негізді деп білеміз», деді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ министр Мемлекет басшысы жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығын ауылдарды дамыту мәселесіне арнағанын, ауылдардың баспасөзбен қамтылуы, оларға басылымдардың уақтылы жетуі аса маңызды екенін, осы бағыттағы бүгінгі жасалып жатқан нақты істер өз нәтижесін береді деп ойлайтынын атап өтті.

Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Қазпошта» АҚ ақпарат саласын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Оның аясында республикалық және өңірлік баспа басылымдарын уақтылы жеткізуді жүзеге асыру жөнінде келісім де бар. Сонымен бірге министр мерзімді басылымдарға онлайн жазылу үшін министрлік тарапынан қолдау жұмыстары жасалып жатқанын жеткізді.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те алдағы жылға балалар басылымдарына жазылған. Ведомство басшысы мұғалімдерге мәжбүрлі түрде газет-журналға жазылу жүргізілмейтінін айтты.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы бері мұғалімдерді газетке жазылуға міндеттеп, мәжбүрлемейді. Қазір бұл үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Біз мұндай фактілерді болдырмаймыз. Алайда мектептердің өздері бөлінген бюджет есебінен балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханалары үшін балаларға арналған «Ақжелкен», «Дружные ребята», «National Geographic» т.б. газет-журналдарға жазыла алады», деді министр.

Іс-шара барысында «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова баспасөз басылымдарына жазылу науқанына байланысты жұмыстарымен таныстырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта post.kz қосымшасы арқылы кез келген басылымға онлайн жазылуға мүмкіндік болатынын айтты.

«Онлайн-жазылым – бұл оқырман мен мерзімді басылымдардың арасын жақындату мақсатында жасалып жатқан жоба. Әрі бүгінгідей жаңа технологияның заманында халықтың уақытын үнемдеу үшін, бір тетік арқылы кез келген газетке жазыла алуы үшін, оның ақысын оңай төлей алуы үшін керек. Бұдан бөлек республиканың түкпір-түкпіріндегі ауылдардағы оқырманға басылымын уақытында жеткізу жұмыстарын жетілдіруді де қарастырып жатырмыз. Мәселен, дәл осы газет-журнал таситын пошташылардың мәртебесін арттыру, жұмысқа ынталандыру мақсатында арнайы бонус берілетін бастаманы қолға алмақпыз», деді Әсел Жанасова.

Сондай-ақ ол 3 қарашада басталған баспасөзге жазылу науқаны 25 желтоқсанға дейін жалғасатынын, қазірдің өзінде 11 миллион жазылым бар екенін атап өтті.

«Жазылым науқаны белгілі бір уақытпен ғана шектелмеуі керек. Оқырман жыл бойы кез келген уақытта жазыла алатындай мүмкіндік жасалса деймін. Яғни газет-журналдарға жазылу керек екені халықтың жадында сақталуы үшін оны қолжетімді етуіміз қажет. Мәселен, kaspi.kz, post.kz қосымшаларында, kundelik.kz сынды оқушылардың кеңістігінде де көрсетіліп тұрса, уақыт өте келе санада жаттала бастайды. Нәтижесінде, қоғамда оқу мәдениеті қалыптасады. Халық күнделікті газет-журнал оқуға үйренеді», дейді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы.

Аталған «Қазпошта» мекемесінің кіреберісінде көптеген республикалық мерзімді басылым сатылатын арнайы бұрыш бар. Мұндағы сатушы Жұпар Қасенова халық негізінен «Egemen Qazaqstan», «Вечерняя Астана», «Айқын, «Ана тілі», «Түркістан», «DAT» газеттерін көп оқитынын айтады. Мәселен, күнде таңертең поштаның есігі ашылмастан келіп үлгеретін ««Egemen Qazaqstan» газеті 105 теңгеден сатылады. Сатушының айтуынша, басылым кейде түске дейін түгелдей сатылып кетеді.

Егемен Қазақстан

Фото: Ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<