Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар министрлермен кездесіп, өңір үшін маңызды жобаларды талқылады.
Алдымен аймақ басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменовамен кездесті. Бүгінде Сыр елінің шаруалары республика бойынша күрішке деген қажеттіліктің 90 пайызын өтеп келеді. Нұрлыбек Машбекұлы шаруаларды алаңдатып отырған проблема – суару желілерінің қанағаттанарлықсыз жағдайын мәселе етіп көтерді. Жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су жоғалады, бұл республикадағы жалпы су шығынының жартысын құрайды. Мәселені шешу үшін өңір басшысы суару жүйелерін қалпына келтіру және жаңғырту жобаларын іске асыруды қамтамасыз ету, су бөлу процестерін автоматтандыру және цифрландыру керектігін ұсынды. Сондай-ақ, өңірдегі өзекті мәселенің бірі – Арал теңізі. Кейінгі 12 жылда 8,5 млрд текше метр тартылған теңіздің жағдайы алаңдатарлық. Аймақ басшысы министрге маңызды мәселені айта отыра, вегетациялық кезеңде дарияның жоғарғы сағасындағы елдермен келіссөздер жүргізіп, мәселені шешу жолдарын талқылады.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлімен кездесу барысында Қызылорда облысының қоғамдық-саяси ахуалы туралы өзекті мәселелер мен жастар саясаты саласындағы жаңа бастамаларды талқылады. Министрдің ұсынысына сәйкес өңірде дін басқармасы қайта құрылатын болды. Сонымен бірге, ашық азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс орнатудың жаңа тәсілдері талқыға түсті.
Аймақ басшысының ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевпен кездесуі барысында облыс әкімдігі тарапынан қабылданып жатқан қаулы-қарарлар мен нормативтік-құқықтық актілердің заңнамалық сипаттамалары сөз болды. Облыстағы бұл қызметті жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімі ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровпен кездесіп, елді мекендерді дамыту мақсатында қаржыландыруға ұсынылатын жобаларды пысықтады. Аталған министрлік аймақта 2023 жылы жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 17 жобаны жүзеге асыруды жоспарлауда. Республикалық бюджетті нақтылау барысында тағы да 72 жоба ұсынылмақ. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 41 жоба, «Облыс орталықтарын дамыту» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 17,1 млрд теңгеге 23 жоба, «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша жалпы құны 6,5 млрд теңге болатын 8 жоба бойынша өтінім берілді. Барлық жобалар елді мекендердің өзекті мәселелерін шешуге және тұрғындарға аса қажетті инфрақұрылымдық желілерді салуға бағытталған. Министрмен кездесу барысында Қызылорда облысының бюджетін көтеру, экономиканы әртараптандыру, кіріс көлемін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды.
Облыста білім саласын дамытуға бағытталған арнайы бағдарлама қабылданатын болды. Бұл туралы облыс әкімі мен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың кездесуі барысында шешім қабылданды. Аталған бағдарлама – білім сапасын арттыру, оқу-тәрбие процесін жетілдіру, білім нысандарының инфрақұрылымын дамыту, бала саны көп мектептер жанындағы қосымша құрылыстар мен апатты жағдайдағы білім ошақтарының, бейімделген ғимараттардың мәселелерін шешуге бағытталады. Облыстағы білім беру саласын жетілдіруге бағытталған бұл ұсыныстар министрлік тарапынан қолдау табатын болды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қолдауымен облыста алдағы 3 жылда Ұлттық жоба аясында 21 жайлы мектептің құрылысы жүргізіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<