Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдай бойынша алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Айбек Смадияров қазақстандық дипломаттардың Израиль, Иран және Ливанда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Айтуынша, елшілер біздің азаматтармен байланыс орнатып жатыр.
Израильде консулдық есепте 120 қазақстандық тұр, ал Иранда 102, Ливанда 139 адам. Олардың ішінде дипломаттар мен олардың отбасылары бар. Министр қауіпсіздік шараларын сақтауға және биліктің ұсыныстарын орындауға шақырады.
Көмек көрсету жөніндегі күштерді кординациялау үшін жедел штаб құрылған. Елшіліктерде жедел желілер ашылған.
Смадияров сонымен қатар эвакуация процесін жеңілдету үшін елшілік есебіне уақытылы тіркелудің маңызын атап өтті.
«Израиль, Иран және Ливандағы елшілеріміз осы елдердің уәкілетті органдарымен тұрақты байланыста. Қазір Қазақстан азаматтарының зардап шеккені немесе қаза тапқаны туралы ақпарат түскен жоқ» деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар министрлік репатриациялық рейстер ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Израильдегі әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ал Иранда рейстер 3 қазанға дейін тоқтатылды. Ливанда қазір азаматтарды эвакуациялау жүргізілмейді. Ведомство Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшейгенін жеткізді.
«Біз барлық қатысушы тарапты бейбіт тұрғындарды құрбан етуден аулақ болуға шақырамыз. Аймақта соғыс тудыруы мүмкін жағдай болмас үшін күш әдістерін қолданудан бас тартуға үндейміз. Осыған байланысты келіспеушіліктерді тек БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттары шеңберінде саяси-дипломатиялық жолмен шешу үшін жедел шаралар қабылдаудың маңызын атап өтеміз» деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Смадияров Қазақстан жағдайды тұрақтандыруға және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<