«Минотаврлар марафоны» басталды

1331

1

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті суретші Қайырбай Зәкіровтің туғанына 75 жыл толуына және шығармашылық қызметтегі 50 жылдық мерейтойына арналған «Минотаврлар марафоны» атты жеке көрмесі ашылды.

Салтанатты іс-шараға Сыр елінен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов бастаған арнайы делегация қатысып, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, өнер иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ән мен жырдың ордасына айналған Сырда сүлейлер ғана емес, сурет өнерінің де хас шеберлері шыққан. Сырлы әлемі, табиғи дарынын әрбір туындысынан аңғарта отырып, солардың бірегейі ретінде елге танылған өнер иесінің бірі Қайырбай Зәкіровтің шығармашылық қызметі 1970 жылдары басталды.

Сонау 1974 жылдары республикалық, халықаралық көрмелерге қатыса бастағаннан еліміздің рухани өміріне серпіліс болар іргелі жобаларды жасады. Шығармашылық жолы графикадан басталып, ұлттың рухани және мәдени өміріне ықпал еткен қазақ халқының тұрмыс тіршілігіндегі әлеуметтік өзгерістер жайлы сыр шертетін қаншама туынды, жұмбақ көрініске толы 150-ден астам картиналар сериясын өмірге әкелді.

«Минотаврлар марафоны» – Қайырбай Зәкірұлының акварель туындылары топтамасының шартты атауы. Оған соңғы екі жылда салынған жиырмаға жуық акварель парақтары енген. Мұндай тақырыпты таңдау ең алдымен суретшінің дүниетанымы мен көзқарасының өзіндік ерекшеліктерінде жатыр. Өмір мен өнерді марафон ретінде қабылдайтын суретші өз туындыларында уақыт пен сезім трагедиясын көрсетуге тырысады. Егер суретші үшін графика – бұл, ең алдымен, ойлау мен дүниетанымды бейнелеу әдісі болса, онда акварель – адамның сезімі мен эмоционалды рефлексін жеткізу құралы.

Автордың жеке жинағынан 30-ға жуық туынды қойылған көрме 27 қыркүйекке дейін жалғасады.

«Минотаврлар марафоны» басталды
«Минотаврлар марафоны» басталды
«Минотаврлар марафоны» басталды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<